RU

Германия көші-қон заңнамасын қатаңдатпақ

Германия үкіметі көші-қон заңнамасына енгізілген түзетулерді мақұлдады. Өзгерістерде баспана алу ережелерін қатаңдату, босқындардың белгілі санаттарына жәрдемақыны қысқарту және босқындар келетін қауіпсіз елдер тізімін кеңейту қарастырылған.

Бұл тізімнің қатары Албания, Косово және Черногория елдерімен толықпақ. Бұған қоса, елде болу мерзімі аяқталған шетелдіктерді депортациялау процедурасы сол сәтте жүзеге асырылатын болады.

Күн сайын шекара кесіп өткен босқындар санының артуынан елдегі қалалар мен коммуналардың бар мүмкіндігі түгесіліп, қиындықтарға тап болуда.

Босқындарды қабылдау орталықтарында жанжал туып, жағдай шиеленісе түскен. Мысалға, өткен жексенбіде Кассельде тамақ тарату кезінде жаппай төбелес болып, 14 адам жапа шекті, олардың қатарында 3 полицей де бар.

«Мұнда алты мың адамға орын жоқ. Ал бұл жерде олардың саны бұдан асып жығылады. Кезекте тыныш тұрып, тамақ алу мүмкін емес. Ұрыс-керіс, дау-жанжалдан көз ашпайтын болдық», - дейді босқындардың бірі.

Егер парламент жаңа заңды мақұлдап жатса, онда федералды жерлерге қаржылай көмек көрсетіледі. Әр босқынға тіркелген күнінен өтінішті қарау мерзімі аяқталғанға дейін ел үкіметі айына 670 еуродан төлеуді көздеп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/907242-germaniya-koshi-qon-zanhnamasyn-qatanhda.html