RU

Шымкент әкімі бар шаруаны ысырып қойып, мектеп оқушыларының арасындағы жанжалды шешуге келді

30 қыркүйекте Шымкент әкімі бар шаруаны ысырып қойып, мектеп оқушыларының арасындағы жанжалды шешуге аттанды деп хабарлайды КТК арнасы.

Ғабидолла Әбдірахымов төбелес болған білім ошағына барып, ата-аналар мен балаларға ұрсып берді.

"Сендер не деп ойлап жатырсыңдар бір нәрсені жасаймын, ұрамын-соғамын сонымен құтылып кетем деп жатырсыңдар ма? Болмайды ешқашан ондай. Әлде сендер не, төбелескеннен береке табам деп жатырсыңдар ма?", - деп ұрысты Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Араздасып қалғандар №3 және №13 мектептептердің жоғарғы сынып оқушылары екен. Қойнына пышақ салып келген 11-ші сыныптың екі оқушысы көрші мектепке келіп, есік алдында тұрған 9-шы сынып оқушыларын жаралаған.

Мұны естіген әкім мәселені шешуге қасына прокурор, полиция бастығы мен білім бөлімінің басшыларын да ерте келіпті. Сау етіп келген шенділерді көріп, ата-аналар да, ұстаздар да аң-таң.

Ал шаһар басшысы тентек оқушыларға бір ұрсып алып, соңынан бала тәрбиесіне қатысты лекция оқып кетті. Тіпті өзінің балалық шағын мысалға келтірген Әбдірахымов енді мектептерде бақылау күшейеді деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/907797-shymkent-akimi-bar-sharuany-ysyryp-qoyy.html