RU

Ақтөбеде әскери бөлімнің майоры ота жасатқаннан кейін есін жимаған

Ақтөбеде әскери бөлімнің майоры үш жылдан бері есін жиған жоқ. Жанболат Құрманов мұрын шеміршегін түзету үшін ота жасатамын деп осындай халге түскен деп хабарлайды 31 арна.

Қорғаныс министрлігінің бас әскери госпиталінде жасалған ота кезінде офицер дәріден анофилактикалық шок алған. Ал оны аяғына тұрғызуға отандық  дәрігерлер қауқарсыз.

Осыдан үш жыл бұрын әскери форма киіп, майор қызметін атқарып жүрген Жанболат Құрмановтың қазіргі халі мүшкіл. Үш жарым жылдан бері өз-өзіне келмеген азамат кеңірдегіндегі тесік арқылы дем алып, арнайы түтікшемен тамақтанады. Басында тіпті аяқ-қолы қимылсыз болып қалған екен.

"Өзіміздің ойымызша дәрігердің кінәсі. Үш күн бойы бізден баланың комада жатқанын жасырып, айтпады. Отадан кейін палатаға шығу керек. Ал ол сол 27 комаға түсіп кеткен", - дейді Жанболат Құрмановтың туысы Жанат Бижанов.

Мұрын шеміршегін түзету үшін жасалған қарапайым отаның осындай ақыры болады деп ойламаған жақындары енді кінәні ақ халаттылардан көреді. Дені сау жігіттің бір мезетте осындай халге түскеніне жасалған сараптама ота кезінде егілген дәрі себеп болғанын көрсеткен. Бірақ дәрігерлердің кінәсі жоқ деп тапқан.

Алғашқы кезде Қорғаныс министрлігінің көмегімен  Ресей елінде өткен емнен кейін Жанболаттың беті бері қараған. Бірақ екінші рет баруға қаражат қол байлау болып отыр.

"Екінші-үшінші курстан кейін тұрады, үміттеріңді үзбеңіз деді. Бірақ оған қаражат болмады. Денсаулық сақтау министрлігіне жаздым. Қорғаныс министрлігінен осы күнге дейін көмек болмады", - дейді Жанболат Құрмановтың туысы.

Жанболат өзіне келу үшін Ресейдегі ауруханада тағы ем алуы керек. Ол жақтағылар алты миллион теңге сұрап отыр. Ал Жанболаттың дерті шетелде емделетін ауру түріне жатпайтындықтан арнайы жеңілдік те  бөлінбейді. Сондықтан Жанболаттың жақындары  тек қайырымды жандардан көмек күтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/908031-aqtobede-askeri-bolimninh-mayory-ota-zh.html