RU

Астанадағы атышулы той кортежінің жүргізушілері жүргізу куәліктерінен айырылды

Астанадағы ІІМ әкімшілік полициясы комитеті басшысы орынбасарының ұлы үйленгенде той кортежінде болған жүргізушілер бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

28 қыркүйекте Астанада жолда жүру ережесін бұзған той кортежіне қатысушылардың ұсталғаны жайында белгілі болды. Той кортежі Қонаев көшесінің бойымен Сарыарқа даңғылы жағына бет алған.

"Сот қаулысымен Рамазантегі М., Әбиев Т., Мәуленов С., Ахметов Қ. жолдың қарсы жолағына шыққанына кінәлі деп танылды. Олар бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды (Әкімшілік кодекстің 596-бабы 3-бөлімі). Сондай-ақ сот айыпталушы Рамазантегі М-ге көлік құралында рұқсатсыз арнайы жарық пен дыбыс құрылғысын орнатқаны үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды (Әкімшілік кодекстің 603-бабы 2-бөлімі). Жабдық тәркіленді", — делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, ғаламторға Астанадағы сол атышулы той кортежіне қатысты жаңа бейнежазбалар шыққанын хабарлаған болатынбыз.

46 жастағы полковниктің баласының үйлену тойына жиналған өңшең қымбат көліктер елордадағы ең үлкен даңғылда шоу жасаған болатын. Хан сарайындай зәулім үйден шыққан кортеж жеті бірдей жол ережесін бұзған.

Бұл оқиға қоғамда қызу пікір турдырған соң еркетотай күйеу жігіттің әкесі Бақытжан Балташев лауазымды қызметінен кетті. Және 9 жүргізушіге жарты миллион айыппұл салынып, төртеуі жүргізуші куәлігінен айырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/908709-astanadaghy-atyshuly-toy-kortezhininh-zhu.html