RU

Амстердамда тіркелген сайт қазақстандықтарға есірткі ұсынған

Павлодар қаласы тұрғындары арасында WhatsApp қосымшасы арқылы Johnny007.biz сайтынан есірткі сатып алуға болатыны туралы хабарламалар таратылды деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Сайтта жазылған пікірлерге қарағанда, аталмыш ресурс екі ай бұрын жұмыс істей бастаған. Бұл жағдай туралы Павлодар облыстық Ішкі істер департаменті құлағдар болғанымен, аталмыш сайт жұмысын тоқтатқан жоқ.

Ресурстың «қызметіне» кеше ғана тосқауыл қойылды. Айта кетерлігі, есірткі сатып алу туралы ұсыныстар еліміздің бес қаласының тұрғындары арасында таратылды.

Олардың қатарында Павлодар, Астана, Екібастұз, Қарағанды және Семей шаһарлары. Бір қызығы, есірткіні сатып алуға ниет білдіргендердің дені – павлодарлықтар.

Тұрғындарға ұсынылған наша өнімдерінің қатарында шегуге болатын спайстар бар. Бағасы – 2 мыңнан 3 мыңға дейін. Павлодар облыстық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі басқарма бастығының міндетін атқарушы Бағлан Байбуриновтың айтуынша, қазіргі таңда ведомство мамандары сайттың негізін қалаушыларды іздестіруде.

"Сайтты ашқан адам ресурсты тіркелмеген ұялы телефон нөміріне рәсімдеген. Кейін дереу лақтырып тастаған. Есірткі бизнесімен айналысқандарды табу бір күннің жұмысы емес. Бір айлық уақыт та кетуі мүмкін", - дейді Б. Байбуринов.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда Johnny007.biz сайтына Қазақстанның ҰҚК антикибернетикалық қызметтің мамандары қызығушылық танытып, ресурс Амстердам қаласында тіркелгенін анықтаған.

Қазіргі таңда сайтты ашқан азаматтар іздестірілуде.

"Ресейде осы тектес сайттар баршылық. Олардың барлығы дерлік Голландияда тіркелген. Осы жылғы қыркүйек айының соңында Ресейде спайс есірткісін таратумен айналысқан азаматтар тұтқынға алынды", - деп хабарлады агенттіктің дереккөзі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/910548-amsterdamda-tirkelgen-sayt-qazaqsta.html