RU

Сарапшылар Ресей 8 мемлекетке бөлінуі мүмкін екенін болжады

Кеңестер Одағы ыдырағалы бері Ресей өзінің ықпалындағы біраз елден айрылып қалды. Тіпті соңғы жылдардың өзінде уысынан Украина сынды алып елді шығарып алды. Украин халқының серпілуі Ресей ішіндегі аз ұлттардың және ықпалындағы өзге де мемлекеттердің ұлттық рухының оянуына түрткі болды деп жазды qazaquni.kz.

Ресей - жер көлемі жағынан әлемде бірінші орын алатын алып держава. Халық саны бойынша 142 млн тұрғыны бар көршіміз Қытай, Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия, Пәкістан, Бангладеш және Нигериядан кейінгі 9-орын алады. Бүгінде бұл федерация құрамына 21 республика кіреді. Осы 21 республиканың барлығы дерлік ұлттық мемлекеттік құрылым саналады. Осыған дейін аталған 21 республиканың бәрі болмаса да, тең жарымы тәуелсіздік алуға талпынатыны жазылып келген болатын.

Осы орайда сарапшылар: «Ресейдің ыдырауына негізінен үш мәселе себеп болуы мүмкін, оның екеуі табиғи үрдіс арқылы келсе, бірі сыртқы күштердің ықпалымен жүзеге асады» дейді. Бірінші табиғи себеп - соңғы онжылдықта Ханты-Манси, Ямал-Ненец, Таймыр сияқты автономиялық округтерінде, Саха секілді бірнеше ұлттық республикаларда туу көрсеткіші өте жоғары, өлім-жітім аз. Ал негізінен орыс ұлтының өкілдері шоғырланған елді-мекендер мен жалпы орталық Ресейде туу көрсеткіші төмен. Бұл Ресейдегі аз ұлттардың көбеюіне, орыстардың санының кемуіне ықпал етеді.

Екінші себеп - Ресей федерациясында мұсылмандар санының күрт өсіп бара жатуы. Бұл түркі халықтарының тәуелсіздікке жетуіне мол мүмкіндік туғызады. Қазір ресми дерек бойынша Ресей халқының 15 пайызы мұсылмандар. Алдағы 20 жылда олардың елдегі үлес салмағы 25-30 пайызды құрауы мүмкін.

Үшінші себеп - сыртқы күштердің ықпалы екенін айтылған болатын. Мәселен, біраз уақыт бұрын АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының сарапшылары 2015 жылға қарай Ресей 6 немесе 8 мемлекетке ыдырап кететінін айтқан еді.

Орталық барлау басқармасының болжамына сүйенсек, біріншіден, Ресейдегі қазіргі таңдағы қалыптасқан экономикалық жағдайы төмендеп барады. Екіншіден, алып державаның ғылыми, техникалық және адам тұрғысынан алғандағы әлеуеті тым әлсіз. Үшіншіден, ішкі қайшылықтары үдей түсуде. Төртіншіден, қазба байлықтары мол және Ресейдің 1/3 бөлігін алып жатқан бір ғана Сібірдің өзінде мемлекет халқының бес-ақ пайызы тұрады.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер: «Сібір сияқты алып аймақтың Ресей сияқты бір ғана мемлекетке қарағаны – әділетсіздік» – дегені тағы бар. Қазір Ресей Федерациясында 21 республика бар. Осы 21 республика Ресей аумағының 28,6 пайызын алып жатыр, мұнда, жалпы, елдегі халықтың 16,9 пайызы мекендейді. Бұл республикалар ұлттық-мемлекеттік құрылым болып табылады, яғни Ресей құрамында бола тұра, белгілі бір халықтың (халықтардың) мемлекеттілігін көрсетеді. Олар: Адыгея, Алтай, Башқұртстан, Бурятия, Дағыстан, Ингушетия, Кабарда-Балқар, Қалмақстан, Қарашай-Черкесия, Карелия, Коми, Марий Эл, Мордовия, Саха, Солтүстік Осетия, Татарстан, Тыва, Удмурт, Хакасия, Шешенстан, Шуаш республикалары.

Соңғы кезде батыс салған санкцияның күшейгені соншалық, Ресейдің халі мүшкілдене бастады. Бұл АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының сарапшылары айтқан 2015 жылға қарай Ресей 6 немесе 8 мемлекетке ыдырап кетеді деген пікірінің шындыққа айнала бастағанының көрінісі болуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/911237-sarapshylar-resey-8-memleketke-bolinui.html