RU

Офицер Бақытжан Балташевтің ұлының тойында Қайрат Нұртас ән салған

Соңғы кезде еліміздегі шенеуніктердің ұлдарын үйлендіруі ел есінде біразға дейін сақталатын болды. Жақында ұлының тойын дүбірлетіп өткізбек болған офицер Бақытжан Балташевтің басы дауға қалған еді. КТК арнасының «Портрет недели» бағдарламасы тойға қанша қаражат кеткенін және қандай отандық жұлдыздар қатысқанын анықтады.

Жақында Әкімшілік полция комитетінің төраға орынбасары Бақытжан Балташев Астана көшесінде ұлының той кортежі жол тәртібін өрескел бұзғаны үшін жұмыстан кеткені белгілі.

«Ол нағыз ерлерше әрекет етті. Ауруханаға жатып алмай, тығылмай өзі келді. Өз еркімен қызметінен кетті. Қазір үлкен мәселе тұр. Ол ештеңесіз қалуы да мүмкін. Ал тойына келетін болсақ, мені шақырды, алайда мен бара алмай қалдым», - дейді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха.

Сонымен тойға кеткен шығындарды есептеп көрелік. Кортежге барлығы 9 қымбат көлік қатысты. "Мерседесте" 1 сағат жүйітку 30 мың теңге тұрады.

Сонда кортеждегі 5 "Мерседес" пен сағаты 15 мың тұратын 4 джипті қосайық. Кортеж орта есеппен 3 сағат жүрді десек, оның құны 630 мың теңгеге барады.

Той орны - орташа есеппен 5 млн теңге.  Шақырылған жұлдыздардың арасында Майра Мұхаметқызы, Ернар Айдар мен Қайрат Нұртас бар. Соңғысы бір рет өнер көрсеткені үшін кемінде 7000 доллар алады.

Еске салсақ, жақында антимонополиялық мекеменің экс-басшысы Мұрат Оспанов та қызының тойын жасаймын деп басы дауға қалған болатын.

Үлкен сомада пара алды деп айыпталған шенеунік ақшаны пара ретінде емес, қызының тойын өткізуге қарыз ретінде алғанын айтып, ақталған еді.

Алайда сот оны кінәлі деп тауып, мемлекет бюджетіне 1 млрд теңге төлеуге міндеттеді. КТК арнасы Бақытжан Балташевтің де тойға ақшаны осылайша қарызға алып, өткізгеніне сенімді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/911976-astanadaghy-zhol-tartibin-oreskel-buzgh.html