RU

Алматылық келіншек қоқыстан ойыншық жасап, табысқа кенелуде

Алматыда келіншек қоқыстан ойыншық жасап табысқа кенелуде. Лариса Стародубцева бұл кәсіпке жақында келген.

Сонда да болса табысым жаман емес, тапсырыс өте көп дейді. Ол үйде қажетсіз болып қалған бұйымдарды ешқашан тастамайды.

Тазалап, әдемілеп жинап қойып, жаңа идеялар туындағанда қолданады. Керексіз заттан қуыршақ жасауды ол өткен қыста бастаған.

Қызының ескі киімдерін лақтырып тастауға көзі қимаған шебер өзі тұратын ауланың кіреберісіне аққалалар жанұясын жасайды.

Артынша керемет туындыны ғаламтор арқылы мыңдаған адам көріп, барлығы Ларисаның шеберлігіне тәнті болады. Осылайша екі апта өтпей жатып, Алматыдағы танымал компаниялар Ларисаға ерекше ойыншықтар жасап, Жаңа жылдық безендіруді сұрап, тапсырыс берген.

Бұл жұмыста да маман босаған майонез қалбыры, газеттер мен сынық қолшатырларды қолданып небір туындылар жасаған. Осылайша аяқасты қолға алынған жұмыс Лариса үшін шағын кәсіпке айналды.

Қазір ол алып шаһарда орналасқан сән салондарын, суши барлар мен киім дүкендерін эсклюзивті безендірумен айналысады. Әдетінен танбаған шебер әрбір ойыншыққа міндетті түрде ескі бұйыммен керексіз заттарды қолданады.

«Бұл менің жеке қағидам. Адамдар жыл өткен сайын тек жаңаны қолданып, ескі бұйымды лақтырып, табиғатты ластайды. Тіпті олар сол керексіз деп тастаған затын уақыт өте тағы да сатып алатындарын білмейді. Мен осылайша адамдарға үнемділік пен үйлесімділікті үйреткім келеді. Қаншама мекеме басшылары жұмысымды көріп риза болды. Барлығы тапсырыс бергенде жаңа зат қолдан деп талап қоймайды. Соған қарағанда кәсіпкерлер де үнемдеу мен ескіні кәдеге жаратқанды ұнататынын түсіндім. Олар осылайша байи түседі», - дейді шебер.

Ларисаның негізгі мамандығы қыз-келіншектердің бетін әрлеу. Ол бұл кәсібін де тастаған емес. Қуыршақтарға түскен тапсырысты қолы бос кезде жасап, қосымша пайда табады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/912215-almatylyq-kelinshek-qoqystan-oyynshyq.html