RU

Ақтөбе облысында дүлей дауыл мектеп пен үйлердің шатырын ұшырып әкетті

Ақтөбе облысында 3-4 қазан күндері күшті дауыл тұрып, бірнеше үй мен мектептің шатыры бүлінді деп хабарлайды Керек-инфо.

Әсіресе, 3 қазан күнгі дауыл көп шығын келтірді-деп хабарлайды ТЖД. Бұл күні облыс аумағында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жеткен.

Шаңды дауыл Ақтөбенің “Оңтүстік-батыс” ауданындағы №10 мектептің қаңылтыр жабындысын ұшырып әкетті. Сондай-ақ, 12 шағын аудандағы 9 қабатты үйлердің бірі де шатырсыз қалды. Жел ұшырып әкеткен шатырдың жалпы аумағы 140 шаршы метр.

Бұдан бөлек Құршасай ауылы мен Ақтөбенің Шевченко,Жүргенов көшелерінде дауылдан опырыла құлаған ағаштар тұрғын үйлердің шатырын бүлдірген.Марат Оспанов көшесінде сынған терек автокөлікті іске жарамсыз етті.

"4 қазан күні де бірнеше төтенше жағдай тіркелді. Дүлей дауыл Хромтау ауданындағы Сарысай мен Оңғар мектептерінің шатырын қиратты", -дейді ТЖД баспасөз хатшысы Динара Атыраубаева.

Табиғаттың тосын мінезінен адамдар зардап шекпеген. Қазір шаңды дауыл келтірген шығын көлемі есептеліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/912236-aqtobe-oblysynda-duley-dauyl-mektep-p.html