RU

Атырау облысында тұрғындар бір-бірін атып өлтіретін жастарды тоқтата алмай отыр

Атырау облысы, Құлсары қаласында жастардың бір-бірін ату оқиғалары тым жиілеп кеткен. Бір-бірінің өмірін аяусыз қиып жатқан жастардың әрекеті көпшілікті толғандырып отыр.

Бұл туралы Ақ жайық басылымы жазады.

"Құлсары қаласындағы қылмыстық жағдайды соңғы жылдары бір сөзбен сипаттауға болады: «атып жатыр». Атыс қаруын қолданумен болған кісі өлімі мен жаралану оқиғалары мұнда жетерлік. Бұған не себеп?", - деп жазады басылым.

20 жастағы Абылайхан Муатты  бұдан екі жыл бұрын атып өлтірді. Құлсары қаласындағы көпқабатты үйдің ауласында кішкентайынан ойнап өскен жігіттің қолынан қаза болды.

"Жасыратын не бар, жолдасым бірінен соң бірі қыздар дүниеге келгенде қашан ұл болады деп жүретін. Сөйтіп көптен зарыға, мойныма бұршақ салып күткен ұлым дүниеге келгенде қуанышымызда шек болмады. Қыздардың арасында өскендіктен бе ұлым биязы, арақ, темекіге әуестігі жоқ болып өсті. Мектепті бітірген соң әскери борышын өтеп келіп, жұмысқа кірді. Кейін ұлым үйленемін деді. Біз қатты қуандық, тойды күзге қарай жасайтын болып шештік. Мен тойға керек заттарымды алу үшін Алматыға жол тарттым. Ұлым пойызға өзі шығарып салды. Сол Алматыда жүргенде артымнан қаралы хабар жетті. Бұл 2013 жылдың 29 шілдесі болатын", - деп еске алады анасы Балия Айрашева.

Абылайханды түн ішінде үйінің төртінші қабатынан (подьезден) көрші үйде тұратын 1991 жылғы Арынғазы Мұхамбетқалиев атқан. Сот оны кінәлі деп танып, 13 жыл жаза мерзімін өтеуге үкім шығарды. Қазір ол түрмеде отыр.

"Сот үстінде шыдай алмай: «бірге өстіңдер, неге өлтірдің, не себеп» деп қайта-қайта сұрағыштадым. «Апа, оған өшім жоқ, аяғынан атып қорқытайын дедім, өлтіргім келмеді» деп танбады Арынғазы. Мен әлі күнге дейін неге бұлай болғанын түсінбеймін. Олар екеуі бұған дейін не төбелесіп, жанжалдаспапты. Жылап-жылап ауру болдым. Бұл оқиғадан кейін де қаншама бала өліп жатыр? Адам өмірі ойыншық па, мен түсінбеймін? Олар қаруды қайдан алды, неге бұлай жасайды" – дейді марқұмның анасы.

2012 жылдың 30 қарашасы күні түнде Махамбет даңғылы бойындағы «Ниет» жанар-жағармай бекеті тұсында тоқтап тұрған «ВАЗ-0015» көлігінде төрт жігіт болған. Осы кезде көліктің алдыңғы орындығында отырған Тәңірберген Агилманов  (1991 ж.т.) пен Нұрсұлтан Орынбасаровты (1992 ж.т.) белгісіз біреулер атып кетеді.

«Менің інім Тәңірбергеннің үйленіп, отау құрғанына 40 күн ғана болған еді» - дейді Құлсары қаласының тұрғыны Жасұлан Біржанов.

Қылмысқа қатысты күдіктілер ұсталғанымен дәлелдеме жеткіліксіз болып, олар тергеу изоляторынан босатылды. Бүгінде бұл іспен облыстық ІІД-нің криминалдық полиция басқармасы айналысуда.

Бұрын Құлсарыда, кейінгі жылдары Атырауда тұратын ана тойға барған (Құлсарыда болған) баласына оқ атылғанын айтты. Бір көзіне зақым келген жігіт мүгедек болып қалды. Биылғы жылдың тамызында бір топ жастардың төбелесінде 21 жастағы жас жігіт қаза тапты. Қайғылы тізім мұнымен шектелмейді.

Жылыой аудандық ІІБ алынған мәлімет бойынша, 2010-2015 жылдар арасында болған 24 қылмыс атыс қаруымен жасалған. Ал, статистика, полицейлердің растауынша, төмендеп келеді. Бірақ, бұл жергілікті тұрғындар үрейден арыла қойды деген сөз емес.Тіпті «қаңғыған» оқтан зардап шегіп жатқандар да бар.

Мәселен, биылғы жылы Қосшағыл ауылында 75 жастағы қарт көшеде жауған оқтан жарақат алды. Сәуірде Құлсарыда басталған атыс кезінде, бұл оқиғаға еш қатысы жоқ, бейқам келе жатқан 18 жастағы жігітке оқ тиіп, ауыр жарақаттан қайтыс болған.

"Біз саябақта отыр едік, бір уақытта мылтық атылды. Біреу «жатыңдар!» деп айқайлады. Ес жиып үлгергенше мылтық атқандар жоқ болып кетті. Сол жердегі адамдар үрейден зәрелері ұшып, біразға дейін қорқыныштан арыла алмадық. Бұл оқиға өткен жылы орын алып еді, бірақ әлі күнге дейін есімнен шықпайды", - дейді қала тұрғыны Ұштап Пенская.

Ресми дерек бойынша, мылтық атқандар мен жарақат алғандардың жас шамалары 18-23 аралығы. Полицейлердің айтуынша, Құлсарының жастары баяғы 90-шы жылдардағы кездер секілді «ықшам аудандар» болып бір-біріне шүйлігіп, өзара қақтығысады.

"Бәрі ұсақ-түйектен басталады. Бастарынан сөз асырмай, болмашыға келіспей қалған жастар кектеніп, бір-бірінен өштерін алудың жолдарын ойластырады. «Жәбірленуші» өзі тұратын ықшам аудандағы жасөспірім жігіттердің басын қосып, ватсап арқылы қарсы жаққа «стрельба» деген жазуды жолдаудан басталады. Одан кейін кездесетін жер белгіленеді. Көбіне жұртшылық қалың ұйқыға кеткен кезі немесе таңға жақын уақыт таңдалынады. Кездесуге олар небір ауыр соққы болар «құралдар» - пышақтар, дубинкалар және мылтықтар әкеледі. Әдетте бұл - 12-ші және 16-шы калибрлі аңшының шолақ мылтықтары. Содан кейін, әрине, мұндай «арсенал» қолданған қақтығыстар қалай қайғылы аяқталмасын?!", - дейді қала тұрғыны.

Жылыой ауданы прокурорының орынбасары Жәнібек Қаражанов мұндай қанды қақтығыстардың орын алуы себептерін түсіндіріп өтті.

"Осындай іс бойынша соттарға бірнеше рет қатыстым. Қай-қайсысы дерлік екі жас жігіттің тұрмыстық жанжалынан басталады. Сосын екеуі де өзінің адамдарын жинап, екі қарсы топ болып төбелеседі. Ал оның соңы өлімге жиі әкелетінін көріп отырмыз. Кейбір жастардың санасында кінәлі адамды құқық қорғау қызметкерлерінен жасырып, өзін «сатқын» ретінде сезінбеу үшін жалған намысқа барады", - дейді прокурор орынбасары.

Осылайша, құлсарылықтар көшедегі атыстың қашан тыйылатынын ойлап, қорқып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/912604-atyrau-oblysy-qulsary-qalasynynh-turgh.html