RU

Алматы маңында жүргіншілер мен көліктің шуылын ұнатпаған дөкейлер жолды жауып тастады

Алматы маңындағы Бесағаш ауылында көлік пен жүргіншілерді ұнатпаған дөкей жолды жауып тастады. Бұл қараша халықтың ашуын келтіріп отыр.

Қарапайым жұрт жүріп-тұратын жолды заңсыз жапқан пысықтарды билік жазаламақ түгілі қарапайым айыппұл да сала алмай отыр. Бір адамның мүддесі үшін бүкіл ауыл тұрғындары мектепке, балалақшаға және емханаға бара алмай қалған. Тек көк шаң болып, ен даланы айналып жүргеннен басқа амалдары қалмапты елдің.

Шыдамдары таусылған жұрт ауылдың әкіміне де барған. Одан қайыр жоқ. Бұл Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылындағы жағдай. Бірақ ауданның атқамінерлері де ай қарап жүр. Тұрғындар әділдікке жету үшін күре жолды түгел жауып тастауға бекінген.

«Әкім көрді. Келіп мына жерді ашып берген. Кеткеннен кейін қайта қазып тастады», - дейді тұрғындар.

Бір ауылды зәрезап етіп, тұрғындарды әбден тығырыққа тіреген мына көше халық үшін маңызды жолдардың бірі. Яғни, таңғы және кешкі уақыттарда Талғар трассасы көлікке тығылып қалатындықтан, бесағаштықтар осы жол арқылы жүріп келген. Алайда соңғы бір жылдан бері бұл көшенің қожайыны шығып, шырықты бұзыпты. Ары-бері ағылған көлік пен жүргіншілерді ұнатпаған дөкей тіпті жолды жауып тастаған.

«Мысалы, жедел жәрдем шақырған кезде, Талғар трассасының кептелісінен келе алмайды. Кету үшін де қаншама уақыт тұрады. Қорқамыз біз. Менің жас балам бар, екі оқушым бар»,- деді тұрғын Гүлназ Қасымбекова.

Бірінші жол жабылған соң, Бесағаш ауылының тұрғындары екінші көшемен жүруге мәжбүр болған. Ол басқа бір құрығы ұзын көкенің көңілінен шықпай қалып, көлік өте алмастай қылып қазылыпты. Жолдан айырылған жұрт 1 шақырым жердегі мектеп, балабақша мен емханаға Талғар трассасы арқылы айналып баруға мәжбүр.

Шыдамдары таусылып, әкімдікке арызданған. Ақ жағалылар бір рет жолды ашқанымен, құзырлыдан қорықпайтын тұрғын тағы тас жолды күреп тастапты.

Мемлекеттік меншіктегі жолдардың бірін қопарып, екіншісін бетондап тастағандардың нақты кім екені белгісіз. Қарашаның айтуынша, қос жолдың бойында бірнеше дөкей тұрады екен. Күнделікті жүретін көліктердің шаңы, шуы мен түтіні оларға ұнамаса керек. Нәтижесінде осындай заңсыздық орын алып отыр.

Тұрғындардың таласына түскен қос көшенің мәселесінен ауылдық, аудандық атқа мінерлер хабардар. Жол осыған дейін бірнеше рет жабылып-ашылған. Қазір қара жолға білгендерін істегендер іздестірілуде. Анықталса, әкімшілік жазаға тартылады. Шенеуніктер аталған көшелермен тек бесағаштықтар ғана емес, Талғар трассасының кептелісінен қашқандар да жүреді дейді. Оның алдын алу үшін Талғар тас жолының 6 шақырымына бағдаршам қойып, Бесағашқа кіруге тыйым салынбақ.

«Батысқа қарайғы бір көшені бір жақты жасаймыз. Екінші көшені шығысқа қарай қылып, белгілерін қоямыз. Қаладан келе жатқан көліктердің кептелісі көп болғандықтан, темір тұлпарлардың біздің ауылдың ішімен жүруіне байланысты халық наразылығы содан туындап отыр»,- деді Алматы облысы Талғар аудандық Бесағаш селолық округының әкімі Мұхит Әлібеков.

Шенділердің айтуынша, дауға түскен қос көшенің мәселесі алдағы бір айдың ішінде толық шешімін таппақ. Осы жол үшін жылдан аса жаға жыртысып келе жатқан бесағаштықтар әкімнің уәдесіне сенбейді. Қос көше халық игілігіне берілмесе, Талғар тас жолын жауып тастауға ниеттеніп отыр ауыл тұрғындары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/912814-almaty-manhynda-zhurginshiler-men-kolik.html