RU

Теміртауда 8 жасар қыз бала сырғанақтан сырғимын деп аяғын сындырды

Теміртаудағы орталық балалар алаңында ойнаймын деп сегіз жасар Соня Функ күрделі жарақат алды, сырғанақтан сырғимын деп ұшып түскен ол аяғын сындырып, ауруханадан бір-ақ шықты, деп хабарлайды BNews.kz.

Сегіз жастағы Соня Функ Теміртаудағы «Металлург» стадионы маңындағы орталық балалар алаңында ойнап жүрген. Қаршадай қыз ол жерге құрбысымен және оның анасымен бірге барыпты. Олар құбыр іспеттес бірнеше метрге созылған сырғанаққа қызығып, төмен қарай кезектесіп сырғанай жөнеледі. Осы сәтте оларды бақылап жүрген әйел де, балалар да аттракционның қауіпті боларын сезіп білмеген. Ойын баласы Соня сырғанақпен төмен қарай жүйіткіп келіп, бір бөлшегі түсіп қалған жерінен ұшып түседі.

«Бала бір жарым метрлік биіктіктен ұшып түсті. Алаңға жетіп келгенімде – құрбым қоңырау шалды – есімнен танып қала жаздадым. Соня көгеріп кеткен, тізесі ісіп тұр, ол тесіктің астынан шығып тұрған темір қадалардың үстіне құлаған», - дейді зардап шеккен қыздың анасы Александра Функ.

Дереу «жедел жәрдем» шақырып, дәрігерлер қаршадай қызды Қарағанды ауруханасының травматологиялық бөліміне алып барды. Онда қыз балаға ашық аяқ жарақаты деген диагноз қойылды.

Александра Функ қызының жарақат алуына кінәлілерді анықтау үшін полицияға шағым түсірген. Полиция бұл жағдайды растап отыр.

«Бізге арыз түсті. Анасы «Металлург» стадионы маңындағы алаңда қызының жарақат алғанын хабарлады. Аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр, соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім шығарылады», - деді Теміртау ІІБ Полиция Шығыс бөлімі басшысының орынбасары Төлеген Әбілқас.

Теміртау қаласы тұрғын үй шаруашылығы бөлімінде арнайы комиссия құрылып, олар тренажерлер мен сырғанақтардың қауіпсіздігін қадағалауға міндеттелді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/913182-temirtauda-8-zhasar-qyz-balalar-alanhynd.html