RU

Қарағандыда оқушыларға стриптиз билеткен «дөкейдің» ұлдары лицейден қуылмақ

Қарағандыдағы №1 қазақ-түрік лицейінің өзінен кішілерге әлімжеттік жасаған оқушылары кінәсі дәлелденсе оқудан қуылмақ деп хабарлайды КТК арнасы.

Сонымен қатар үлкендері кішілерін ұрып-соғып, әр жаққа жұмсап, ақша жинайтын ереже құрылғанын білім беру басқармасындағылар мойындап отыр.

Сондықтан мектеп директоры мен түнгі кезекші жұмыстарынан уақытша босатылған. Бірақ лицейдегі былық толығымен расталса, олар жұмыстан қуылып қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.

Қазір лицей ғимараты полицейлерге толып кеткен. Олар оқушылардан түсініктеме алып, тергеу алды тексерістер жүргізіп жатыр. 7-ші сыныптың оқушылары үлкендерден жәбір көргенін айтып, көгерген денелерін бейнетаспаға түсіріп ғаламторға салған.

Айтуларынша, шенді -шекпенділердің ерке ұлдары лицейде білгендерін жасаған екен. Ал басшылығы оларға «әй» деп ауыз аша алмайтын да көрінеді. Бірақ басқарма басшылығы кінәсі дәлелденсе, «дөкейдің» ұлдарын да оқудан қуамыз деп сендірді.

"Әлімжеттік жасаған оқушылар анықталып жатыр. Олардың барлығы да лицейден қуылатын болады. Ата-аналар үлкен даудан және лицей басшылығынан сескеніп, сорақылықты жасырып келген көрінеді. Ішкі тексеріс нәтижесі бойынша қатаң шара қолданатын боламыз", - дейді Қарағанды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бақытгүл Әдекенова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/913787-qaraghandyda-oqushylardy-striptiz-bil.html