RU

Балаларға арналған ірі республикалық онкология орталығында ата-аналарды еден жуып, әжетхана тазартуға мәжбүрлеген (видео)

Алматының ең ірі республикалық онкологиялық орталығында шу шықты. Науқастардың бірінің анасы өздерін мекеменің еденін жуып, әжетханасын тазартуға мәжбүрлегенін айтуда.

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Онкологиялық сырқатқа шалдыққан балалардың ата-аналары өз сөздерінің дәлелі ретінде бұл жайтты видеоға түсіріп алған. Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының еденін кішкентай науқастардың аналары кесте бойынша жуып отырады. Бұл медициналық мекеме әкімшілігінің қойған талабы болды-мыс. Назымгүл Зейнешеваның қызы орталыққа қыркүйектің соңында жатқызылды. Әйел орталықтағы тәртіпті көріп, жағасын ұстағанын айтуда.

"Бізге үш тоңазытқышты, микротолқынды пештерді, сөрелерді, еден мен душ кабиналарын өздерің жуасыңдар деді. Толықтай. Бұл кемінде 100 шаршы метр аймақ. "Біз оны қалай жуамыз, біздің балаларымыз сырқат" деп едім "кезекпен" жуып отырасыңдар деп жауап қайтарды", - дейді Зейнешева.

Педиатрия және балалар хирургиясы - бүкіл Қазақстаннан балалар ем алатын еліміздегі ең ірі стационарлардың бірі. Онкологиялық сырқат балаларға қарайласатын адам қажет болғандықтан, олар ата-анасымен бірге жатқызылады.

Ата-аналар емханада тұрып, сол жерде жуынып, тұрмысқа қажетті техникаларды пайдаланады. Мекеме әкімшілігінің айтуынша, ата-аналарға қойылған жалғыз талап - санитар әйелдер жоқ кезде өзінің қоқсытқан жерлерін тазарту.

"Бізде кезекшілік қойылған. Күндіз қызметкерлер тазалайды. Ал кешкісін, әрине ата-аналардан талап етеміз. Себебі кей кездері аналар түнде жуынады. Балалары ауыр халде, дәрі тамызғышта жатса, химиотерапия алып жаста, аналары кей кездері түнде жуынады", - дейді Педиатрия және балалар хирургиясының директоры Риза Боранбаева.

Сонымен қатар әкімшілік ата-аналардың мекемеде толық тазалау жұмыстарын жүргізуге мәжбүрленіп жатқандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Орталық басшылығының айтуынша, балалардан бөлек 100-ге жуық ата-ана жатқызылатын орталықтың қабырғаларын, терезелерін, оған қоса әжетханаларын жуып-тазалауға ешкім мәжбүрленген емес. Себебі мекеменің бұған жауапты өз санитар әйелдері бар екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/913915-balalargha-arnalghan-iri-respublikaly.html