RU

Алматыда тұрмысқа шыққанына бір апта болған келін енесінің бетіне ыстық шай шашып, күйдірді

Алматыда тұрмысқа шыққанына бір апта болған жас келін енесінің бетіне ыстық шай шашып, күйдірді. Оқиғаны NUR.KZ-ке отбасы мүшелері хабарлады.

Үйдің кенжесі, әскери қызмет атқаратын Жалғас Айнаш есімді бойжеткенмен 2 жыл бойы жақын араласып, жүрек қалауымен қыркүйек айында отау құрған. Балаларынан барын аямаған Жалғастың әке-шешесі қыздың қалың малын төлеп, дүркіретіп той да өткізіпті.

Жас жұбайлар ата-анасымен Жұлдыз ықшам ауданындағы пәтерде тұрып жатады. Бір апта өтпей жатып жас келін түрлі қылық шығара бастады дейді. Үлкенді сыйлау былай қойсын, өзі жатқан төсек-орнын жинамайды екен. Күні бойына телефон шұқып, бөлмеде қамалуды әдетке айналдырған.

Осыны байқаған енесі Айсара таңғы ас кезінде: «келін - өзін олай ұстауға болмайды, шай құйып, отбасының ұйытқысы болу керек» деп ескерткені сол екен, ашуға булыққан Айнаш «шай ішкің келсе өзің құйып ал!» деп кеседегі жаңа құйылған ыстық шайды енесінің бетіне шашып жіберген. Салдарынан 56 жастағы Айсараның оң жақ беті мен мойыны күйіп қалыпты.

Келмей жатып, "қорқынышты концерт" қойған келіннен шошыған отбасы ұлдарынан «әйел мен ананың бірін таңдауды» сұраған. Жалғас ойланбастан жас келіншегін жетектеп бір түнде төркініне апарып тастапты. Өзін қорлаған бойжеткеннің қылығына ашулы ене болса, экс-келінін сотқа бермек.

Ал Айнаштың ата-анасы қыздарының кішкене кезінен ерке болып өскендігін алға тартып, ел алдында өздерін масқараламауды сұрап отыр екен. Тіпті олар балалары үшін ұялатынын айтып, алған қалың малдың барлығын қайта әкеліп беріпті. Ал келіннен қорқып қалған Айсара болса, кенжесіне ендігі әйелді «өзім таңдап әперемін» деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/914159-almatyda-uylengenine-bir-apta-bolghan.html