RU

Сауд Арабиясы Қазақстанды араб әуекомпаниясымен ұшуға мәжбүрлеген

Қазақстандық қажылар араб әуетасымалдаушыларының чартерлі рейсімен ұшуға мәжбүр болды. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының наиб-мүфтиі Серікбай қажы Ораз хабарлады.

Еске сала кетейік, қажылық сапардан қайта оралмақ болған қазақстандықтар өз рейстерін күтіп, бірнеше сағат бойы әуежайда отырған болатын.

«Біз араб әуетасымалдаушыларының көмегіне жүгінуге мәжбүр болдық. Әйтпесе, қазақстандықтардың биылғы қажылық сапарының жүзеге асуы екіталай болатын», - деп түсіндірді Серікбай қажы Ораз.

«ҚМДБ тек бір ғана әуе компаниясымен келісімге келуді жоспарлаған жоқ. Қажылыққа аттанған жерлестерімізді тек бір әуе компанияға телміртіп қою себебін іздеудің қажеті жоқ. Осы жылдың сәуіріне дейін қажыларды Сауд Арабиясына жеткізу мәселесі шешімін таппаған болатын. Ал Сауд Арабиясы бізге қажылардың сапары тек чартерлі рейстермен жүзеге асады деген талап қойды. Қазақстан тарапынан бір компания ұсыныс білдірген, бірақ, аталған компания да аккредитациядан өтпей қалды. Сондықтан, біз Сауд Арабиясының талабымен келісіп, FlyNAS әуе компаниясымен келісім жасауға мәжбүр болдық. Егер келісімге келмегенде, қазақстандықтардың қажылық сапары болмай қалуы мүмкін еді. Өйткені, олар бізге квота мен виза бергісі келмеді», - деді Серікбай қажы Ораз.

Оның айтуынша, алғашында әуе тасымалдаушы компания қазақстандықтарды апарып, алып келу үшін 5 ұшақ бөлуге міндеттелген. Сауд Арабиясына қажылар кесте бойынша, дәл уақытында ұшып барды. Алайда, Сауд Арабия билігі барлық рейстерді бір күн кейінге шегергендіктен, қажы Министрлігі мен әуе тасымалдаушы компания арасында түсінбеушілік пайда болды.

Сондықтан, қазақстандықтар бұрынғы кесте бойынша әуежайаға жеткізілген. Оның үстіне, FlyNAS әуе компаниясы қазақстандықтарды елге жеткізу үшін бар-жоғы бір ғана ұшақ бөліпті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілінің хабарлауынша, өзге елден келген қажылар да осындай жағдайға тап болған. Өйткені, FlyNAS компаниясы әлемнің бірнеше елінен 120 мың қажыны әкеліп, алып кету туралы келісім жасапты.

NUR.KZ тілшісінің мұндай оқиға келесі жылы да қайталанбау үшін не істеу керек деген сауалына наиб-мүфти былай деп жауап берді: «Барлығы да Сауд Арабиясы тарапының талабына байланысты болмақ. Егер олар тағы да осындай талап қойса, бізге келісуден басқа амал қалмайды. Сондықтан, отандық әуе тасымалдаушылардан ұсыныс күтеміз».

Бүгінде үш мыңға жуық қазақстандық Сауд Арабиясынан елге оралды. Қазірге дейін 12 рейс орындалған. Алдағы 4-5 күнде кесте бойынша тағы да төрт рейс қажыларды елге жеткізетін болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/914929-saud-arabiyasy-qazaqstandy-arab-aueta.html