RU

Ақтауда салтанатты түрде іске қосылған лифт шенеуніктер кете салысымен істен шықты

3 қазан күні Ақтаудағы 28-ші ықшамаудан, № 1 үйде  салтанатты түрде лифт іске қосылды. Алайда, қалалық әкімшілік өкілдері кете салысымен мақтаулы құрылғы істен шыққан.

Бұл туралы lada.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

9-шы қабатта тұратын Сара Бөпежанова үйдің лифті 15 жыл бойы істемей тұрғанын айтып, назын білдірді. Оның айтуынша, көптеген шағымдардан кейін қалалық  әкімдік әзер дегенде жаңа лифт орнатқан. Алайда, жұма күні салтанатты түрде ашылуы болған лифт сол күйі іске қосылмаған екен.

"Шенеуніктермен бірге телеарналар да келіп, 2-қабатта тұратындардан сұхбат алды. Екінші қабатта тұрып, кім лифтімен көтеріледі дейсіз? Әкімнің орынбасары біздің подъезден шыға салысымен лифтті өшіріп тастады. Ар-ұяттан жұрдай. Көзбояушылық жасады", - дейді Сара Бөпежанова.

Тілшілер қала әкімінің орынбасары Берік Ізғалиевпен байланысқа шықты. Шенеунік ТКШ бөлімінің басшысы Аманбек Таңатовпен кездестіруге сөз берген.

Келісілген уақытта (11.30) Таңатов жұмыс орнында болмады. Бірнеше мәрте қоңырау шалған тілшілерге әкім орынбасары жауап бермеді.

Ақтау қаласы әкімдігінің сайтында 2015 жылдың басынан бастап 8-ықшамауданның көпқабатты үйлеріне 24 лифт орнатылғаны жазылған. Облыс орталығындағы лифттерді жаңартуға ел бюджетінен 152 млн теңге, жергілікті бюджеттен қосымша 49 млн теңге бөлініпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/915440-aqtauda-saltanatty-turde-iske-qosylgh.html