RU

Отандық дизайнер Назарбаевтың қандай киім ұнататынын айтып берді

Астаналық дизайнер Айжани Нұрланова MACHTEX Халықаралық көрме аясында ерлер киімінің көрсетілімін өткізді. Сонымен бірге президент қандай костюмдерді қалайтынын айтып берді деп жазады Today.kz.

Оның сөзінше, Қазақстанда тігілген киімді көптеген шенділер киеді. Дизайнер ел президенті үшін жасалатын арнайы тапсырыстың егжей-тегжейлерін айтып берді.

"Президент отандық костюмдерді де жиі киеді, қошқыл түстерді ұнатады және оларды оның шетелдік сапарларынан байқай аламыз", - дейді Нұрланова.

Оның айтуынша, өнім сапасына әлі ешкім шағым айтқан жоқ. Алайда қазақстандық тұтынушылардың көпшілігі отандық өнімге сенімсіздікпен қарап, қазақстандық брендтер шетелдіктерге жетпейді деп ойлайтынын айтады.

"Біз қызық тәжірибе өткіздік. Миллион теңге тұратын белгілі әлемдік брендтің этикеткасын қиып алып, оған біздікін, ал өзіміздің костюмге атақты брендтікін тігіп қойдық. Қалай болды деп ойлайсыздар!? Біздің этикетка тігілген миллион тұратын костюмді киген адам ыңғайсыз деп шағымданды, дұрыс тұрмайды, ана жері қысады, мына жері мынадай деді. Ал өзге этикеткамен тұрған біздің костюмді киіп көрген адам, керемет сапа мен әдемілікті атап өтті!" – дейді Нұрланова.

Дизайнер, отандық костюмнің бағасы әр қалтаға шақ келетінін айтады. Киімді Шымкенттегі фабрикада тігеді. Кішігірім фабриканың өнімділігі – бір ауысымда 400 костюм.

Естеріңізге салайық, Шымкентте "Текстильді өндіріске арналған тауарлар мен құрылғылар MACHTEX 2015" халықаралық форумы өтуде. Қатысушылардың пікірінше, бірыңғай мектеп формасын енгізу Қазақстандағы текстильді саланы дамытуға көмектеседі.

Мұның алдында, президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды отандық киімді киюге шақырып, идеяны өз үлгісімен қолдаған. Айта кетейік, Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев отандық брендтерді бұрыннан жақсы көреді, оның бірнеше қазақстандық костюмі бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/917199-otandyq-dizayner-nazarbaevtynh-qanda.html