RU

Қазақстан мұрағатшылары 28 панфиловшылар ерлігінің жалған еместігін дәлелдеп шықты

Қазақстан мұрағатшылары 28 панфиловшылар ерлігін дәлелдеп шықты. Бұл туралы 9 қазанда Ұлттық мұрағаты мен Археография және деректану ұлттық орталығының директоры Марат Әбсеметов мәлім етті.

«Біз 28 Панфиловшылар бойынша болған үлкен дауда дивизияның намысын қорғап шықтық. Барлық құжат-дәлелдерімізді көрсетіп шықтық. 1941 жылдың 16 қарашасында политжетекшімен бірге біздің Мәлік Ғабдуллин тұрғанын да көрдік. Сол құжаттарды да таптық. 7 мың қазақ Мәскеу түбінде кеуделерін оққа тосқан. 28 емес, 7 мың қазақ! Ол құжаттарымыз қолымызда бар, ресейліктер оны мойындады. Жалпы материалдарымызды біз жариялайтын боламыз. Ресейліктер 7 бірдей атқыштар дивизиясы тұрғанына көздері жетті. Осы істі біздің ұлттық мұрағатшыларымыз өздерінің қажырлы еңбектерінің арқасында абыроймен атқарып шықты», - дейді ол.

Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын Ресей Мемлекеттік мұрағатының директоры Сергей Мироненко Дубосеково түбінде 28 панфиловшының немістің 50 танкісінің жолын кескендігі жайлы ерлігін жоққа шығарған еді.

Сонымен қатар ол саяси жетекші Василий Клочковтың «Шегінер жер жоқ, Артымызда Мәскеу!» деген сөзінің де ойдан шығарылғандығын айтқан болатын.

Оның сөзіне қарағанда, бұл қанатты сөзді «Красная Зведа» газетінің әдеби хатшысы Александр Кривицкий ойдан шығарған. Дәл осы журналист 28 панфиловшылар ерлігін жазған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/917316-qazaqstan-muraghatshylary-28-panfilovshy.html