RU

Атырауда көпбалалы отбасы жантүршігерлік жағдайда өмір сүріп жатыр (фото)

Отбасында балалар тіпті мектеп табалдырығын аттамаған. Отбасының жағдайын NUR.KZ тілшісі хабарласып білді.

Атырау облысы Мақат кентіне қарасты Доссор елді мекенінде тұратын Жақыповтар отбасысының жағдайы адам төзгісіз. Қос мүгедек баламен ауру ана шаңырағы ортасына түсіп, құлаған үйде тұрып жатқандарына 10 жыл болған.

Отанасы Манар Қабылдықызы төсек тартып жатқанына бірнеше жылдың жүзі болыпты. Дәрігерлер әйелдің іш құрылысының сау жері қалмаған деген қорытындыға келген. Үйдің үлкен ұлы әріп танығанымен толық сауаты жоқ. Күн сайын жалдамалы жұмыс жасайды.

Ал 1993 жылы туылған ортаншы қызы Амангүлдің бір аяғы жоқ болғандықтан үйде отырып хат таныған. Кенжелері 10 жастағы Мархабат болса туа бітті саңыраулыққа шалдығып, сөйлеу және есту қабылетінен айрылыпты.

Отбасының жақын туысы Айнагүл Езімованың айтуынша, балалардың әкесі 10 жыл бұрын үйден кетіп қалған. Әкесіз балалар бүгінде өлместің күнін кешіп жатыр. 2006 жылы қыркүйек айында Доссор ауылында қатты жаңбыр болып, жер үйдің төбесі опырылып ортасына түскен. Содан бері баспананы қалпына келтіру түгіл тамаққа жарымаған отбасы төбесі жоқ үйдің бір бұрышын ғана паналап келеді.

Ал туыстары болса өздерінің тұрақты жұмыстары мен жағдайлары болмағандықтан, көмек қолдарын соза алмайтындарын айтуда. Жергілікті билік те жанұяның жағдайынан хабардар. Алайда арада 10 жыл өтсе де отбасыға ешкім көмек қолын созбаған.

Отбасымен хабарласамын деушілер болса, мына байланыс телефондары бойынша қоңырау шала алады: 8777-8719581, 8701-3286449.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/917446-atyrauda-zhetkinshek-otbasyn-asyrau-ush.html