RU

Түркістанда балабақшада химиялық сұйықтықты ішіп қойған бүлдіршіннің іш-құрылысы күйіп қалды (фото)

Түркістанда химиялық сұйықтық ішіп қойған бүлдіршінге балабақша қызметкерлері алғашқы көмек көрсетпеген.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісіне өмірі қыл үстінде жатқан Нұрислам Жандосұлының анасы хабарлады.

Ақжібек Саттарованың айтуынша, оқиға ағымдағы жылдың 18 тамызында Түркістан қаласындағы мемлекеттік балабақшада болған.

Мекеме ғимаратында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, тәрбиешілер балаларды басқа бөлмеге апарып ойнатыпты. Түс кезінде шөлдеген бала су іздеп, бөлмеде тұрған «Сверкающий казан» деп аталатын химиялық сұйықтықты ішіп қояды.

Алайда,  у ішкен балаға алғашқы көмек көрсететін мейірбике болса несиесін төлеу үшін жұмысын тастап, кетіп қалыпты. Ал тәжірибесіз тәрбиеші аузы күйген балаға марганец ерітіндісін ішкізіп, жараны асқындырған. Салдарынан 5 жасар балақайдың тілінен бастап, кеңірдегіне дейін оңбай күйіп кеткен.

Алайда азаптанған балаға балабақша қызметкерлері жедел жәрдем шақырмай, кешке дейін ата-анасын күткен. Жұмыстан соң баласына барған анасына «Нұрислам ыдыс жуатын фэриді ішіп қойды. Уайымдамаңыз, одан түк те болмайды», - деп алдап шығарып салады.

Түнделетіп қызуы көтерген баланы ауруханаға апарғанда дәрігерлер де салғырттық танытып бүлдіршінге көмек көрсетпеген. Тәрбиешілер тіпті ахқалаттыларды да алдап, бүлдіршін фэри ішті дегеннен танбапты.

Тек 2 күн өткен соң ұяты оянған Айгүл Мырзақұлова Нұрисламның анасына баласының химиялық  сұйықтық ішкенін мойындаған екен.  Қазір аталған іске қатысты Саттаровтар отбасысы құзырлы органға арыз жазғанымен ешқандай нәтиже болмай тұр.

Бала тәрбиесінде салғыртық танытқан бөбекжай қызметкерлерінің ешқайсысы жазаланбапты. Тек тәрбиеші ғана өз еркімен жұмыстан босатылған.

Су орнына у ішкен балақайдың жағдайы қазір өте ауыр. Дәрігерлер жеткіншектің оңалып кетуін екіталай деп отыр. Қазір Нұрисламға үлкен ота жасалу керек. Себебі, балақайдың жұтқыншағы күйіп қалғандықтан кеңірдегінен су да өтпейді. Анасы тек арнайы түтікше арқылы тамақтандырады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/917578-turkistanda-khimiyalyq-suyyqtyq-iship-q.html