RU

Ғалымдар: Темекі шегу қытайлық жастардың үштен бір бөлігін өлтіреді

Жақын арада темекі шегу Қытайдағы жастардың үштен бір бөлігін мерзімінен бұрын өлімге әкелуі мүмкін.

Оксфорд университеті, Қытай медициналық ғылымдар академиясының және Ауруларды бақылау бойынша қытайлық орталықтың ғалымдары осындай тоқтамға келді.

Lancet журналында жарияланған зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Қытайдағы ерлердің үштен екі бөлігі 20 жасқа толмай темекі шеге бастайды. Мұндай жағдайдың жартысында бұл зиянды әрекет мерзімінен бұрын өлімге әкелуі ықтимал.

Зерттеу 15 жылдық үзіліспен екі рет жүргізілген. Бұған бірнеше жүз мың адам тартылды.

Егер Қытайда темекі шегетіндердің саны қысқармаса, онда бұл келеңсіз жағдайға байланысты өлім 2030 жылға қарай жылына екі миллион адамға жетеді.

Қытай билігі бұған алаңдап отыр. Ағымдағы жылдың 1 маусымынан Бейжіңде қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу күшіне енді, деп хабарлады Би-би-си.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/918110-ghalymdar-temeki-shegu-qytaylyq-zhastar.html