RU

Маңғыстау облысында енесіне кесе лақтырған келінге айыппұл салынды

 Маңғыстау облысында енесіне қол жұмсағаны үшін келініне айыппұл салынды.

Жаңаөзен қалалық сотында жеке айыптаушы 93 жастағы К-ның келіні С-ның үстінен қылмыстық іс қозғау туралы, ал келіні керісінше С. қарсы қылмыстық жауапкершілікке К-ны тарту жөнінде арыздары түсіп, соттың қаулысымен екі арыз бір өндіріске біріктірілді, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық сотынан.

Қылмыстық іс құжаттарына сай, 18 маусым 2015 жылы сағат 20.00 шамасында 93 жастағы К. мен келіні С. дастархан басында жанұясымен кешкі ас ішіп отырғанда өзара керісіп, араларында түсініспеушілік орын алған. С. ашу үстінде К-ға өзінің қолындағы кесені лақтырған. Сол кезде К. қорғану мақсатында қолын көтеріп қалғанда кесе оң қолына тиіп, қолы жарақат алған.

С-ның шағымы бойынша енесі К. өзінің қолындағы кесесін оған лақтырып, маңдайына тиген, нәтижесінде С. дене жарақатын алған. Сот медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша К. және С. жеңіл дене жарақатын алған.

Сот отырысында сотталушылар өздерінің кінәсін мойындамаған.

Заңды күшіне енбеген 2015 жылғы 14 қыркүйектегі сот үкімімен сотталушы С. Қылмыстық кодекстің 108-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баппен жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 49 550 теңге айыппұл белгіленген.

Ал сотталушы К. Қылмыстық кодекстің 108-бабында көзделген қылмыстық теріс қылықты жасауға кінәлі емес деп танылып, қылмыстық теріс қылықты жасағаны дәлелдегенбегендіктен ақталды.

Соттың үкіміне С-ның келтірген апелляциялық шағымы негізінде іс Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасында қарау үшін жолданды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/918261-manhghystau-oblysynda-enesine-kese-laq.html