RU

Шығыс Қазақстанда үш баланың анасы дүниеге тағы да үшем әкелді

13 тамызда Шығыс Қазақстан облысы Глубоковский ауданы Солнечный ауылының тұрғыны Екатерина Иванова көпбалалы ана атанды.

Бұл туралы YK-news.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Екатеринаның отбасында 6 бала бар. Екі егіз ұл, бір қыз және үшем қыздар.

Перзентханадан үйіне жеткен анасын 9 жастағы қызы Милана мен 4 жасар егіз балалары Бислан және Вислан тағатсыз күтті.

"Барлығымыз дәлізде тұрғанда ғана мен балаларым бір мезетте екі есе көп болып кеткенін сезіндім", – дейді Екатерина.

***

Ивановтың отбасында сөрелер балалардың киіміне толып кеткен.

Отбасы барлығын алдын ала дайындап қойған. Тек төсек пен бесік арба алып үлгермепті. Төсекті көп ұзамай туыстары сыйлаған. Ал бесік арба әзірге жоқ болып отыр.

"Біз әзірге үшемдерге арналған бесік арба таба алмай отырмыз. Әр түрлі арбалардан сатып алуға тура келетін сияқты. Мені балаларымның бір-бірінен аумайтыны таң қалдырды", - дейді анасы.

***

Кішкентайларды ажырату қиын болғаны соншалық, ата-анасы оларды аздап шатастырып жатады екен.

"Бастапқыда қыздарыма ат қойдым. Кейін оларды шатастыратынымды түсіндім. Біз оларға бірдей киім алып, тіптен ажыратуын қиындатып жібердік. Содан бері бір ай өтті. Енді оларды кезінде қалай шатастырғаныма таңмын. Олар өте ұқсас болғанымен, мінездері әр түрлі", - дейді Екатерина.

Раяна – үлкені болғасын салмақты. Сирек жылайды және бәрін зерттеп қарағанды ұнатады.

Ортаншысы – Марьяна да өте сабырлы. Ал кішісі - Ислана үшеуінің ішіндегі ең жайдарлысы.

"Ол өзіне көңіл аудартқанды ұнатады. Әпкелерінен бірінші болып оянып, көтеріп жүргенін қалайды. Үй шаруаларын оны көтеріп жүріп тындыруға тура келеді. Бірақ мен үйреніп кеттім", - дейді анасы.

***

Екатерина үш баласы бар болса да, қолы екеу ғана екені қиын болғанын жасырмайды. Соған қарамастан, көпбалалы ана жұмысқа да көңіл бөліп үлгеруде.

"Мен дизайнер мамандығын игердім. Сурет салғанды ұнатамын. Өз үйіме жөндеу жұмыстарын өзім жасап, әдемі етіп сәндеп қойдым. Үйге келгендер дизайнер кім болғанына қызығушылық танытып жатады", - дейді Екатерина.

***

Ана үшемге жүкті болған кезінде ең қиыны қозғалу болғанын айтуда.

"Жүріп, қимылдау, әсіресе баспалдақпен көтерілу мен үшін сын болатын. Әр қадамымнан кейін демалып тұратынмын. Соңғы аптада үйден шықпай күтумен жаттым. Шар сияқты болдым. Күйеуім "ешқайда барма, бәрін өзім реттеймін" деп көп қозғалтпады. Ішімнің көлемінен-ақ үшем болатынын түсіндім. Бұл мені таң қалдырмады. Себебі тәтемде де егізі мен үшемі бар. Бұл бізде ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ерекшелік", - дейді Екатерина.

Дәрігер әйелдің күдігін растағанда, Екатерина үшемді аяқтан тұрғызу жағын ойлап, аздап қорыққанын жасырмады.

"Мен қатты есеңгіреп тұрдым. "Оларды тәрбиелеп, аяқтан тұрғызуды жағдайымыз көтере ме?" деген сұрақ мазалады. Біз тек бір бала болады деп жоспарлаған едік. Бізде, тіпті бір балаға да төсек жоқ еді. Бірақ күйеуім менің қорқынышымды басты", - дейді көпбалалы ана.

***

Ринат жүргізуші болып жұмыс істейді. Дүкендерге жүк тасиды. Болашақ күйеуімен Екатерина 12 жыл бұрын танысқан.

"Ринат мен жұмыс істейтін кафеге күзетші болып орналасты. Сол күні кешкісін ол мені кездесуге шақырды. Ол шешен ұлтынан. Күйеуімнің отбасы мені жылы қабылдады", - дейді Екатерина.

***

Отбасының туысқандары бұл жағдайға алаңдаулы болған екен.

"Туыстарым "Тағы үш баланы қайтесің" деп сұраған кезде, ренжитінмін. Бірден алаңдамаңдар, ештеңе сұрамаймын" деп жауап беретінмін", - дейді Екатерина.

Көпбалалы ана мемлекеттік қызметкерлерден ешқандай көмек алмаған.

"Әкімдік қызметкерлері БАҚ-қа ананы-мынаны бердік деп айтып жатқанын естимін. Бірақ біз түк алмадық. Тек 20 мың теңге мен бір жамылғыш берді. Бізге биліктен ештеңе қажет емес те. Өз балаларымызды өзіміз асыраймыз", - дейді көпбалалы ана.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/918793-shyghys-qazaqstanda-ush-balanynh-anasy-du.html