Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мақпал Жүнісова отандық БАҚ-пен қарым-қатынасы туралы айтып берді

Опубликовано:

Биыл Халық әртісі әрі көпшіліктің сүйікті әншісі Мақпал Жүнісова мерейлі елу жасқа толды. Әнші өнеріндегі өзгерістер мен өзге де жаңалықтарымен бөлісті.

Бұл жайында "Қазақстан Заманға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Мақпал Жүнісова концертке келген халықтың жаңа әндерден бөлек, ескі туындыларды да сұрайтынын алға тартады. Мұны әнші халықтың ыстық ықыласы деп түсіндіреді.

Продюсерінің жетекшілігіндегі жас жұлдыздар әндерін заман талабына сәйкес телеарна, радиоға беріп, «ютуб» сайтына салып жатса, Instagram әлеуметтік желісін енді үйреніп жатқан Мақпал Жүнісова әнді насихаттауды өз авторларына табыстайтын көрінеді.

"Instagram парақшасына «Мен мына жердемін. Келіңіздер!" — десем, бірден аншлаг болады. Ал костюм деген дайын тұр, көйлекті тіктіріп алып жүре береміз", - дейді әнші.

Елімізде "Астана жұлдызы", "Muzzone" арналарының жеңімпаз әншілерді анықтайтын байқаулары жыл сайын өткізіледі. Бірақ, Мақпал Жүнісова жұлдыздарды анықтайтын жүз сарапшының ішінде жоқ. Болған да емес.

"Мені ондай жерлерге мүлдем шақырмайды. Маған үш-төрт күн қалғанда «Астана жұлдызына» шақыру үшін бір қыз қоңырау соғып, қызыл кілемнің үстінен өтуге өтініш жасады. «Жақсы, қызыл кілемнен өтейік, ол жерде ән саламыз ба?», «Бір атақ-даңқ берейін деп жатқан жоқсыз ба?» — деп әдейі сұрадым", - дейді Халық  әртісі.

Ондай ешнәрсе болмайтынын естіген Мақпал Жүнісова басқа жоспары болғандықтан, кешке алдын ала бара алмайтынын айтқан.

"Жұлдыз" алудан  дәмем жоқ. «Жұлдыздардың» барлығын алып қойғанмын. Сарапшы ретінде шақырмай отыр, мойындаймын. Адамның өзіндік орны, бағасы болу керек",- деп сөзін жалғастырды әнші.

Әңгіме барысында Мақпал ендігі концерттеріне телеарналардағы түсіру тобын шақырмайтынын да жеткізді. Оның пікірінше, басшылық концертті эфирден бәрібір көрсетпейді.

Мақпал Жүнісованы халық арасында жиі примадоннаға теңеп жатады. Тіпті Роза Рымбаеваға қарағанда Мақпалдың өмірі Ресей примадоннасы Пугачеваға қатты ұқсайды.

Пугачева да 2000 жылдардың басында адамдардан кешірім сұрап, мына өмірдің жалғандығын айтты. «Ертең барлығымыз мына өмірден кетеміз» деді жанайқайымен. Сол кезде халық Алла Пугачеваны өледі-ау деп ойлады. Ал 2009 жылы ол «Люди, люди» әнімен шықты.

"Өзімді примадоннамын деп айта алмаймын. Халықтың аузында солай аталсақ, не дауа?! Оған мен дандайсып, мұрнымды көтергім келмейді. Көзіме айтқан көп адам болды. Көбіне орыс ұлтының өкілдері айтады. Дүкенге, базарға барғанда кездескен орыстар көп мақтау айтып жатады", - дейді Жүнісова.

"Көшеде тоқтатып алып: «Сіз біздің примадоннамызсыз», «Әсіресе домбырамен айтқан әндеріңіз ұнайды» дейтіндерін қайтесің?! Кейбіреулері орыстың романстарын неге айтпай кеткенімді сұрайды", - деп қосып кетті Мақпал.

Мақпалдың пікірінше, оның әндері арнайы шоуды қажет етпейді, тіпті сахнада бишілер де керек емес. Айтқан әннің табиғатына ол қыздардың биі мүлдем келмейді екен.

«Мән-мағынасы терең әнге «тыр-жалаңаш» қыздардың биі керек емес» деп, қойдыртпайтынмын. Қазір осыны біреулер «шоу концерт» деп жүр ғой. Романсы бар, билейтін әні бар, драмасы бар, домбырасы бар, сосын әрбір әнді айтқанда өзінің бет-әлпетімен шоу жасау керек,"- дейді Жүнісова.

Мақпал  Жүнісованың ұшақтың ішінде шығарған жанжалы осыдан біраз уақыт бұрын жұртшылықты дүрліктірген болатын. Бірақ, әншінің бұл жағдайға беретін өзіндік жауабы бар. Айтуынша, болған оқиға тура бейнежазбадағыдай емес.

"Компьютерде барлығы тұр ғой. Біреудің тапсырмасы болды ма, әлде ана кісілер ренжітті ме, қауіптің қай жерден келгенін түсінбедім. Қазір қайта кіресіз деген соң, ұшақтан шықтым. Енді келіп, сіз ұшпайсыз дейді. Қалай ашуланбайсың? Боқтадым барлығын. Соны түсіріп, жариялап жібергенін қарашы", - деп ашуланды әнші.

Мақпал Жүнісова видеоны ғаламторға салып жіберген баланы кейіннен тауып алған. Бірақ арандатушы ол емес, белгілі бір компанияның қызметкерлері екен. Әнші іздеп тапқан жігіт бір жыл бұрын сол компанияда жұмыс істеген көрінеді. Компания басшылығы соның әлеуметтік желідегі парақшасын пайдаланған. Алған да, парақшасына салып жіберген.

Әлгі жігіт кейін өзінің бұрынғы басшысына қоңырау шалып, сотқа беретіндігін айтқан. Сөйтіп, жоғарыдағылар жасырын бейнежазбаны алып тастаған.

Атышулы осы жағдайдан соң Жүнісова ханым да қарап қалмаған. Дәл қазір әншінің қорғаушысы бұл мәселемен айналысып жатыр. Соттасуы да мүмкін. Ал енді «Мақпал алқаш» дегеннің ілініп тұрғанына сегіз жыл болыпты.

Сондай-ақ, атағы дүркіреп тұрған Халық әртісінің қазірде тойдан басқа табыс көзі жоқ екен. Әнші өзге облыстардағы тойға 7 мың долларға барады. Кеште өнер иесі 15-16 ән айтады. Ал Алматыдағы тойларға әнші 3-4 мың долларға шығып жүр.

Әнші тойына шақырған адамдардың жағдайына да қатты қарайды екен. Қысылып келіп тұрса, кейде тегін барады.

"Негізі көбінің ақшасы жоқ енді (күліп алды). Бәріне бара бермеймін. Біреуі «жеңгетай» деп келеді, енді бірі «арғынмын» деп келеді. Қайсыбіріне жете беремін? Бұйырғанына барамын", - деп ағынан жарылды әнші.

Мақпал үшін биліктің тарапынан ба, әлде телеарна басшыларының тарапынан ба, әйтеуір оны шығармай жатқан адамның кім екені белгісіз.

«Енді айтып көрсін әнін» деп айтатын көрінеді. Қызық. Көбіне атқосшыларын жібереді. Кім екенін қайдан білесің?! Сосын адамдар байыған сайын сараң болып кетеді ғой. Гонорарыңды айтсаң, «ойбай, тегін келеді деп отырсақ, ақша сұрағаныңыз не?!» дейтіндері бар. Сондайларға қырсығып қаламын. «Кешіріңіз, құстар ғана тегін сайрайды», — деймін. Негізі көп кісінің тойына бармай қалғанмын. Бұның зияны тиеді деп ешқашан ойламаппын", - деп таңданды әнші.

Ал елордалық концерттер мен тойларға жиі баратын Мақпал Жүнісова тек Астананың «Хан Шатырында» ғана болыпты.

"Бәйтеректің» жанынан өткен сайын ұяламын. Астанаға барғанымда мені қыдыртатын ешкім табылмай қалады", - деп мұңын шақты әнші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/918849-maqpal-zhunisova-bayterektinh-zhanyna/

pixel