RU

Өскеменде 1 ай бұрын жоғалған оқушы қыз әлі табылмады

Өскеменде 1 ай бұрын жоғалған оқушы қыз әлі табылмады. Туыстары жеткіншекті біреулер әдейі ұрлап әкеткен деген болжам айтуда.

Бұл туралы NUR.KZ  тілшісіне жоғалған оқушының туған апайы Сәуле Ұлтомбаева хабарлады.

2001 жылы өмірге келген, Шар қаласының тұрғыны Айым Ұлтомбаева 12 қыркүйек күні ұйықтарда киетін бір көйлекпен таңертең жоғалып кеткен. Осы кезде анасы жұмыста болса, үйде ағасы ұйықтап жатқан.

Туыстарының айтуынша, таңға жуық біреу үйдің есігін қаққан. Кімнің келгенін байқамақ болған қыз баланы солар ұрлап әкетуі мүмкін. Себебі, Айымның үйге киген аяқ-киімінің бір сыңары ауладан табылса, екіншісі мүлдем жоқ. Дер кезінде полицияға хабар бергенмен, тәртіп сақшылары жеткіншекті таба алар емес. Тіпті олар 14 жастағы қыз бала үйден өз еркімен кетіп қалған деген болжам жасаған көрінеді.

Бұл тергеумен келіспеген Сәуле Ұлтомбаева өз ойын айтты.

«Айым - мінезі өте салмақты, сабақты тек 4-5-ке оқиды. Отбасында әкелері жоқ. Сондықтан да анасын тастап, ешқашан есік сыртына аттаған емес. Біздің пайымымызша, оны біреулер ұрлап әкеткен. Себебі, біз барған балгер "Айымды бір келіншек күштеп ұстап отыр, бала аман-сау" деді. Бірақ бізге ешкім хабарласып, ақша талап етпеді. Ал оның үйден безетіндей отбасында ұрыс болған емес. Барлық туыс, көрші болып бір көшенің бойында тұрамыз», - дейді Сәуле Ұлтомбаева.

Полицейлерден күдер үзген Айымның жақындары болса, балаларын әлеуметтік желі арқылы іздеуді бастаған. Ал Шығыс Қазақстан облысының полицейлері болса, қыз баланы іздеуге бар күш-жігерлерін салып жатқандарын алға тартуда.

Тіпті бұл іске жергілікті құтқарушылар да тартылып, барлығы Шар қаласын сүзіп шыққан. Әзірге оң нәтиже болмай тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/919745-oskenmende-1-ay-buryn-zhoghalghan-oqushy-qy.html