RU

Алматы маңындағы Бутаковка шатқалында 12 студент адасып қалды

Бутаковка шатқалында табиғат аясында демалуға шыққан 12 студент адасып кетті. Жастар үйге кеш қайтамыз деп келген жолынан адасып қалған.

ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Республикалық жедел-құтқару жасағының мәліметінше, 2015 жылдың 11 қазанында сағат 21:38-де Республикалық жедел құтқару жасағының кезекші-диспетчерлік қызметіне қоңырау келіп түскен.

РЖҚЖ-ның бірінші жедел құтқару тобының 8 құтқарушылары тез арада көрсетілген мекенжай бойынша (Горный садовод ауданы, Табаған) жолға шықты. Аймақ түгелімен тексерілді, бірақ туристер көрсетілген орында болмай шықты.

Біраз уақыттан кейін жоғалған студенттердің курстасы WhatsApp желісінің көмегімен қатарластарының адасып қалған жерінің нақты координаттарын хабарлады.

Іздестіру-құтқару жұмыстарын тездету үшін көрсетілген ақпарат бойынша РЖҚЖ-ның екінші жедел құтқару тобының 4 құтқарушысы және 1 техника жолға шықты.

Туристерді іздестіру кезінде ауа райының қолайсыздығы құтқарушыларға көптеген қиындықтар туғызды: аспанды қара бұлт торлап, жаңбыр құйып кетті. Соның салдарынан тауға шығу біраз қиындады. Дегенмен іздестіру-құтқару жұмыстары қазанның 12-сі таңғы 06:40-та сәтті аяқталды. 12 студент құтқарылып, ата-аналарымен қауышты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/921611-almaty-manhyndaghy-butakovka-shatqalyn.html