RU

Шымкент әкімі зообақтағы бегемотқа "Мадагаскар" мультфильміндегі кейіпкердің атын қойды

Шымкент зообағындағы сусиырдың баласына «Глория» деген есім берілді. Мұндай атты кішкентай бегемотқа шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов беріпті.

"Туылған күні бізге жаңадан әкім келді. Біз бегемоттың баласының атын әкім қойсын дедік. Оның атын әкім қойды, «Глория» деген. Қазір жағдайлары жақсы", - дейді Шымкент мемлекеттік зообағы директорының орынбасары Латифша Әлиев.

Кішкентай Глорияның туғанына бір айдан асты. Ол анасының жанында өзін еркін сезінеді. Суға сүңгіп те алды. Кішкентай бегемот хайуанаттар бағына келушілердің ең сүйікті жануарына айналған.

«Глория» әйгілі «Мадагаскар» мультфильміндегі  бегемоттың ныспысы екенін айта кетейік. Бұл атты таңдауға қала тұрғындарынан да түскен өтініштер ескеріліпті.

"Ағылшын тілінен аударғанда Глория «танымалдылық» деген мағынаны береді. Сондықтан еліміздегі үшінші мегаполисі саналатын шаһардың танымалдылығын арттыруға септігі тиеді деген сенім болды", - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/921633-shymkent-akimi-susiyrdynh-balasyna-q.html