RU

Қызылжарда азық-түлік бағасының еселеп қымбаттауы халықтың ашуын туғызды

Қызылжарды қымбатшылық қысып барады. Соңғы бірнеше күнде өңірде сұйық майдың бағасы күрт өскен. Қазір литрі 400 теңгеден саудаланып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Бұған Өскемендегі май шығаратын зауыттың жабылуы себеп көрінеді. Екіншіден, ресей рублі қымбаттап, ол жақтан келетін азық-түлік бағасы да шарықтаған. Шенеуніктер тұрақтандыру қоры арқылы бағаны ұстауға тырысқандарымен, нәтиже шамалы.

Отандық сұйық майдың литрі өткен айдың басында ғана 230-240 теңге еді, қазір 320 теңгеден саудаланып жатыр. Қайта бұл шаһар бойынша ең арзаны. Дегенмен мұнда бір адамға екі литрден артық май берілмейді.

"Күніне 4 қорап қана сатамыз. Талап сондай", - дейді сатушы.

Өзге сауда орындарында сұйық майдың литрі 400 теңгеден асады. Бұл тауар өңірге Ресейден әкелінетіндіктен рубль бағамымен бірге май құны да өскен. Оның үстіне Шығыс Қазақстан облысындағы май зауыты қазір шикізаттың жоқтығынан жабылып қалыпты.

Бірақ шенеуніктер қол қусырып отырған жоқ. Қазір олардың лексиконында жаңа сөз тіркесі пайда болған - «тауарлық интервенция». Бюджеттен бөлінген 100 миллион теңгеге атқамінерлер күріш пен қант сатып алыпты. Енді соларды дүкендерге шығарып, нарықтағы бағаны аз да болса ұстауға тырысып жатыр.

"Қоймайды халық тез алып кетеді. Бағасы кішкене төмендеу ғой. Ал басқа жерлерде үлкен баға. Қосып жатыр қазір. Жалақыны қосудың орнына мына азыққа қоса береді", - дейді сатушы Қазына Майтоғаева.

"Қантты біз орталық қант корпорацясынан аламыз. Ондағылар бағаны өсірген. Біз оған аз ғана үстеме қойып сатамыз", - деді  СҚО өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Жарова.

Шенділер 33 түрлі тауардың құнын ұстауға міндетті екен. Қысып бара жатқан қымбатшылық, әсіресе, қарияларға қиын тиіп тұр.

"Қай жерде арзан болса алар едім, арзан емес. Зейнетақым неге жетеді, дәріге жете ме, ай сайын өзі 10 мыңға дәрі керек. Ал сонда мен ар жағындағы 25 мыңға не аламын. Түк те ала алмаймын", - деп ренішін білдірді Серік Мәмбетов есімді зейнеткер.

Жұмыртқа құны да біртіндеп өсіп келеді. Ал балалар сүйсініп жейтін бананның қайтадан экзотикаға айналатын түрі бар. Петропавлда бұл жеміс 95 пайызға қымбаттап, келісі 435 теңгеден саудаланып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/921638-qyzylzharda-suyyq-maydynh-litri-400-tenhged.html