RU

Алматыда нан зауыты банкротқа ұшырап, 200-ге жуық адам жұмыссыз қалды

Алматыда нан зауытының қызметкерлері жұмыссыз қалды. 200-ге жуық адам жақында кәсіпорынның банкрот болғанын естіген.

"Mercur Нан" кәсіпорнының ондаған жұмысшысы жұмыстан қысқарғандарына наразылық танытты деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Олар басшылық кәсіпорынның 180-нен астам жұмысшысын ескертусіз босатты дейді.

"Егер зауыт жабылатынын бір ай бұрын ескерткенде, мен басқа жұмыс іздестіре беретін едім. Ал енді мені кім жұмысқа ала қояды? Менің балаларым да осы жерде жұмыс істейді. Енді қайттік?" - деген зауыт қызметкерінің назын 31 арна жеткізді.

Кәсіпорын басшысы нан бағасы шығынды ақтамағандықтан және мемлекеттен жеңілдік ала алмай тұрғандықтан банкротқа ұшырағандарын айтты.

Кәсіпорын жұмысшыларға қарыз 20 миллион теңгені қазан айының соңына дейін төлеп бермек.

Зауыт күнделікті 14 мың дана нан шығаратын. Енді зауыт тағдыры қалай болатыны белгісіз.

Сол арада Шымкенттегі әлеуметтік нанның бағасы 5 теңгеге қымбаттап, 40 теңге болды. Қала наубайханаларына бағасы көтерілген ұндар келіп түскен. 25 келі ұн 200 теңгеге қымбаттап, 2900 теңгеден сатылуда.

Қарағандыда да нан жартылай қымбаттап үлгерген. Құнды ұстап тұру шарасы ұн қымбаттағанда сәтті іске аспайтыны байқалып қалды.

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда нан бағасы күрт өзгеруі  мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/921713-almatyda-nan-zauyty-bankrotqa-ushyrap-20.html