RU

Алматыдағы ірі жол апатына трамвай жүргізушісі кінәлі болып шықты (фото, видео)

Алматыда трамвай мен ондаған көліктің ірі жол апатына түсуіне жүргізушісі кінәлі болып шықты. Бұл трамвай жүргізушісімен әңгімелесу барысында анықталды.

Бұл туралы Today.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Куәгерлердің айтуынша, трамвай Мақатаев көшесімен батысқа қарай бағыт алып, Сейфуллин даңғылына жеткенде тоқтаған.

"Мен жұмыстан шыққанда жүргізуші трамвайдан шығып, оны тексере бастағанын көрдім. Бұл менің назарыма бірден түсті. Жақында болған оқыс оқиға есіме түсіп кетті. Кейін мен банкоматқа бардым. Айналдырған 5 минуттың ішінде әйел асфальтта қансырап жатты", - дейді куәгер.

"Трамвай тоқтамастан, "Джипті" және тағы бір көлікті аударды. Қай жерде тоқтағанын білмедік", - дейді тағы бір куәгер.

Трамвай жолаушыларының сөзіне сенсек, 45-50 жастағы әйел жүргізуші трамвай өшіп қалғасын, сыртқа шыққан. Трамвайдағы ақауларды жөндеген жүргізуші сыртта тұрып, жолаушыдан "тежегіштің" тетігін басуды өтінген.

Жолаушы тежегіш пен газдың тетіктерін шатастырып алғаннан трамвай жүріп кетті деп санайды өзге жолаушылар.

Трамвай Байтұрсынов көшесіне дейін тоқтамай көліктерді жапырып өткен.

"Мен Мақатаев көшесі бойындағы ең шеткі жерде тұрдым. Сол жағымда "Джип" тұрды. Трамвай маған қарай жүйткіп келе жатқанын көргенім сол еді, жолдың жиегіне ұшып түстім", - деп есіне алды зардап шеккен "Хендай" көлігінің жүргізушісі Рамиль.

"Мен Мақатаевтың бойымен келе жатып, Байтұрсыновқа жеттім. 100 метр қалған еді. Айнадан маған қарай жоғары жылдамдықпен трамвай жүйткіп келе жатқанын көріп қалдым. Аздап рөлді бұрып үлгердім, көлігімді бір қырынан жаншып, әйнектерін шағып өтті", - дейді өзге зардап шегуші Еркен Әзімқұлов.

Куәгерлердің сөзіне сенсек, трамвай тек жолаушылардың бірі әйнекті шағып, қажет тетікті басқанда ғана тоқтаған.

"Біз достарымызбен іште болдық. Жүргізуші салоннан шығып, жолаушының біріне тетікті басуды өтінді. Жолаушы басты. Трамвай үлкен жылдамдықпен жүріп кетті. Жүргізуші сыртта қалып қойды. Трамвай Мақатаев көшесімен тоқтаусыз келе жатқанда, бір жолаушы, студент болуы керек, әйнекті шағып, апаттық "тежегіш" бастырмасына басты. Салонда жолаушылар көп еді. Бәріміз сыртқа қашып шықтық", - дейді трамвай жолаушысы Дінмұхаммед Әбілғаш.

Today.kz тілшісі жүргізушінің аты-жөні Гаухар Тұрсынова екенін анықтады. Оның 3 жылдық трамвай жүргізу тәжірибесі бар.

"Бұл менің кінәм: Мен бойжеткеннен батырманы басуын өтіндім. Қай бастырма екенін де көрсетіп кеткенмін. Ол келісті. Мен шыққанда ол шатасып, басқа батырманы басып қойды. "Тоқта" деп айқаласам да, жүріп кетті. 3 жылдық тәжірибем бар. Тұрақты жұмыс істейтінмін", - дейді трамвай жүргізушісі.

Оқиға орнында полицейлер жұмыс істеді. Зардап шеккен әйелді жедел жәрдем алып кетті.

Еске салсақ, жақында Алматыда рельстен шыққан трамвай ондаған көлікке соқтығысқанын хабарлаған болатынбыз.

Айта кетерлігі, осыған ұқсас жағдай Алматыда 21 қыркүйекте болған. Қарасай батыр мен Байтұрсынов көшелерінің бойында трамвай 14 көлікпен соқтығысып, 5 адам зардап шеккен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/921749-almatyda-tramvaymen-bolghan-iri-zhol-ap.html