RU

Қазақстандық жұлдыздар бос уақытында немен айналысады?

Қазақстандық жұлдыздардың шығармашылықтан қолдары босай қалғанда, гастроль мен түсірілімдердің арасында немен айналысатыны баршаға бірдей мәлім емес. Үзіліс кезінде жұлдыздардың бірі сурет салады, енді бірі фотоға түсіреді, кейбірі аттың үстінде шабады, тіпті әртістердің арасында кептер асырайтыны да бар деп жазады NUR.KZ Сomode.kz-ке сілтеме жасап.

Әсел Сағатова

Әртіс Әсел Сағатова жастайынан биді ұнатқан, оқушы кезінде хореография үйірмесіне барған, ал қазірде би өнерімен кәсіби түрде айналысады. Би студиясына жиі баруға әдеттеніп алған Әсел билегенде тұла бойы энергияға толып, қанаттанып кететінін айтады.

Сондай-ақ, Әсел бос уақытында бейнелеу өнерін де жақсы игеріп жүр. Әртістің Instagram аккаунтында жариялаған фотоларынан суретшілік қабілеті жоғары екенін байқауға болады. Барыс бейнеленген суретті Әсел ұлына арнап салған. Әсел суретке көбірек уақыт арнағысы келетінін, бірақ уақыты жетпейтінін алға тартады.

Мейрамбек Беспаев

Қазақстандық әнші Мейрамбек Беспаевтың ерекше сүйікті істерінің бірі кептер асырау екен. Мейрамбек өзіне кептер өсіруден артық ештеңе жоқтығын айтады, әнші гастроль кезінде "қанатты достарын" сағынатын көрінеді.

Аңшылыққа шығу туралы достарының ұсыныстарынан Мейрамбек жиі бас тартады екен, себебі құстарды аялап өсірген адам ешқашан оларды өлтіруге батылы бармайды.

Әйгерім Мырзагереева

Танымал жүргізуші Әйгерім Мырзагереева бос уақытында әрдайым бойындағы қабілетін шыңдағысы келеді. Бірде тележүргізуші бейнелеу өнерінен дәріс алып, бұл өнерді жаны сүйетінін түсінген. Енді Әйгерім ғаламтордағы видеосабақтар арқылы сурет салуды үйренуде және бет бояуға арналған қаламның орнына сурет қылқаламдарын сатып алуға құштар.

Денис Тен

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің фотосуретке деген қызығушылығы Іnstagram парақшасынан басталған. Кейіннен суретке түсіру жан қалауы екенін ұғынған спортшы өзіне кәсіби фотокамера сатып алған.

Сол сәттен бастап Денис Тен айналасындағы назарына түскен дүниелерді қалт жібермейді. Оның ішінде көшеден өтіп бара жатқан бейтаныс адамдар да, спортшының достары да бар.

Мәнерлеп сырғанаушы тіпті студияда түсірілім ұйымдастырып, оған танымал актриса Айсұлу Әзімбаеваны шақырды. Денистің қолынан шыққан суреттерден Серік Сәпиев, Әлия Телебарысова, Сәбина Алтынбекованы көруге болады. Денистің туындыларымен @d10world парақшасынан толық танысуға болады.

Бибігүл Сүйіншалина

Отандық актриса Бибігүл Сүйіншалина жұмыстан бос уақытының бәрін ат баптаумен өткізеді. Бибігүл ат дегенде ішкен асын жерге қояды. Сүйікті жылқысы - Сағуар есімді ақалтеке.

Актрисаның ат үстінде шабу өнері түсірілім алаңында да қажет болған сәттері бар. Бұған қоса, Бибігүл ат бәйгесінің жанкүйері және жылқысымен бірге селфиге түскенді ұнатады.

Серік Әкішев

Тележүргізуші Серік Әкішев қары қалың қыс мезгілін ұнатады. Өйткені оның сүйікті ісі - сноуборд.

Қыс айларында Серік бос уақытын Шымбұлақта өткізеді. Тележұлдыз әйелін де сноубордқа үйретіп, қызы Мариканы шаңғы сырғанауға баулыған. Енді Серік кіші қызы Айлиннің өсіп, қатарға қосылуын күтіп жүр.

Айсұлу Әзімбаева

Осы жылы көктемде Айсұлу Әзімбаева Алматы маңындағы табиғат көріністерін кеңінен тануға кірісті. Актриса бойжеткен Көлсайға, Ыстық көлге, Көк-Жайлауға сапарлатып барған. Әртіс, тіпті үш мың метрлік Фурманов шыңын да бағындырған.

Айсұлу болған жердің бәрінде таза ауа жұтып, тамаша көріністен қуат алып, билеген. Instagram парақшасын ашып, #alataudancе хештэгі бойынша өтсеңіз, табиғат аясындағы Айсұлудың керемет биін тамашалай аласыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/921892-qazaqstandyq-zhuldyzdar-bos-uaqytynd.html