RU

Назарбаев үш қазақстандық ғарышкермен суретке түсті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәрсенбіде ғарышкер Айдын Айымбетовті «Халық қаһарманы» атағымен құттықтап, Қазақстанның заманауи тарихына үлес қосқан тұлғалардың барлығына алғыс айтты.

"Айдынды «Халық қаһарманы» атағымен, ал барша қазақстандықтарды жаңа батырымен құттықтаймын. Мен «Қазақстан жолы» кітабымда еліміздің Тәуелсіздік тарихы Қазақстанның ғарышкерлік тарихынан басталды деп айтқан болатынмын. Жер бетінде 3 немесе одан да көп перзенті ғарышқа көтерілген 9 ғана мемлекет бар. Соның бірі біз болдық. Біздің батыр ғарышкерлеріміздің ізбасарлары әлі талай көк жүзіне аттанады. Біздің Мәңгілік еліміз ғарыштың шексіз мәңгілік кеңістігіндегі ең жарық жұлдызы. Ол жыл өткен сайын жарқырап, жайнай береді деп сенеміз", - деді Назарбаев.

Президент сондай-ақ, Қазақстанның заманауи тарихына үлес қосқан тұлғалардың барлығына да алғысын білдірді.

«Экспедицияға қатысқан ресейлік серіктестерімізге, шетелдік қатысушылар мен ресейлік жетекшілерге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Ғарышты бағындыру адамзаттың ең асыл армандарының бірі болатын, Жер шарынан жыраққа көтерілу асқақ арманға айналған болатын, қазір ол жүзеге асырылды. Бұл жердегі адамдардың жоғары миссиясы. Біз, қазақстандықтар «Байқоңыр» ғарыш айлағынан игі істер атқарылып жатқанын мақтан тұтамыз. Осы уақытқа дейін ғарышқа 38 елдің 545 ғарышкері барды, оның ішінде Қазақстан да бар», - деді елбасы.

Сонымен бірге президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның үш ғарышкерінің ерлігін жоғары бағалады.

«Бірінші ғарышкер Тоқтар Әубәкіров осыдан 24 жыл бұрын ғарышқа алғашқы сапарын жасады, біз бұл сапарды жүзеге асыру үшін көптеген келіссөздерді басымыздан өткердік, біз оны жүзеге асырдық», - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев үш ғарыш экспедициясына қатысты, олар жалпы алғанда 341 тәулікке созылды.

«Ол ғарышқа 8 рет ұшқан, бір сапарының ұзақтығы 42 сағатқа созылған алғашқы қазақ болды. Талғат Мұсабаев – бұл Қазақстан мен Ресейдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығының белгісі», - деп жалғастырды Назарбаев.

Ал үшінші ғарышкерге келетін болсақ, мемлекет басшысы атап өткендей, Айдын Айымбетов Қазақстанның бесінші ғарыштық зерттеу тәжірибесін жүзеге асырды.

Өз кезегінде ғарышкер Айымбетовте те президентке деген ризашылығын айтты.

«Аса мәртебелі елбасы! Мен сіздің тапсырмаңызбен ғарышқа сапар шегіп, оралдым. Маған және еліміздің ғарыш саласына жасаған зор қамқорлығыңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Еліме адал қызмет етемін», - деді марапаттау рәсімінде Айымбетов.

Сонымен қатар ғарышкер елбасына ғарышқа жасаған сапары барысы туралы баяндап, Халықаралық ғарыш стансасына өзімен бірге алып барған еліміздің Мемлекеттік туын табыс етті.

«Біздің ұшуларымыз кезінде Халықаралық ғарыш стансасының бортында Қазақстанның мемлекеттік туы да болды. Ол біздің Жер шарымызды 150-ден астам рет айналып ұшты. Бүгін осы туды мемлекетіміздің негізін қалаушы әрі көшбасшысы сізге табыс етуге рұқсат етіңіз», - деді Айымбетов.

Ғарышкердің қолынан еліміздің Мемлекеттік туын алған президент: «Барлық табыстарың құтты болсын! Біздің ғарышкерлеріміз енді үшеу болды. Әлі де көбейе береді деп сенеміз. Болашағымыз әр уақытта да ғарыштың биігіндей болсын! Біздің көк байрағымыз сонау ғарышқа барып, Жерді  айналып келгені бізді желеп-жебеп, қолдап жүрсін! Бүкіл ғаламның күші, ғаламның қасиеті Қазақстанда болсын! Құттықтаймын!», - деді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/922341-nazarbaev-ayymbetovti-zhoghary-nagrad.html