RU

Семейде офицер параның орнына бұқтырылған ет алған

Семейлік офицер параны бұқтырылған ет түрінде алам деп абақтыдан бір-ақ шықты деп хабарлайды КТК арнасы.

Жергілікті әскери-техникалық мектептің директоры курсанттарды үш мезгіл тамақтандыруды өз мойнына алған кәсіпкерден осы жартылай фабрикаттың екі қорабын талап етіпті. Үстінен тағы 200 мың теңге қосып беруін сұраған. Кәсіпкер құлқыны кең директорды бірден құзырлы орган өкілдеріне ұстап берді.

Дәл жұмыс орнында құрықталған директор екі жылға сотталып кетті. Сонымен бірге, ол мемлекеттік қызыметтен де үш жылға аластатылды. Бірақ 59 жастағы айыпталушы үкіммен келіспей, қайтадан шағым түсірмек ниетте.

Айтуынша, пара ретінде алынды деген бұқтырылған 90 банкі етті кәсіпкерден сатып алмашқы болыпты. Ал ақшаны мектептің игілігіне жұмсамақ болып сұрадым дейді.

"Бұқтырылған етті мен өзім сұраттым. Курсанттарды азықтандыруға. Ол кісі әкеп берді. Мен ақысын да төлемек болғам. Ештеңе түсіндірместен бірден кісендеп әкетті. Тіпті ауыз аштырмады. Бұл, алдын ала жоспар бойынша маған қарсы ұйымдастырылған шара", - дейді айыпталушы Владимир Александров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/922996-semeyde-oficer-paranynh-ornyna-buqtyr.html