RU

«Халық қаһарманы» атанған Айымбетов қуанғанынан сөйлей алмай қалды

Ғарыштан оралған Айдын Айымбетов «Халық қаһарманы» атанды. 20 жылдан соң ғарышты бағындырған қазақтың үшінші ғарышкері болса қуаныштан сөйлей алмай қалды деп хабарлайды КТК арнасы.

Еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік наградасына ие болған ғарышкерге Ақордада ерекше құрмет көрсетілді. Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан марапаттау рәсіміне қатысқан елбасы Айымбетовтің ерен ерлігін ерекше атады.

Ақорданы имене аттаған Айдын Айымбетов тағы космосқа ұшардай тым толқулы болды. Еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік наградасына лайықты деп танылған Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағын президенттің өзі табыстады.

Кеудесі медальға толған Айымбетовке Назарбаев «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» деген атағын да берді. Бір сәтте марапаттың астында қалып бақыттан басы айналған космонавт не дерін білмей сасқалақтап қалды.

"Аса мәртебелі елбасы. Мен сіздің тапсырмаңызбен ғарышқа сапар шегіп қайттым", - деді «Халық қаһарманы», ғарышкер Айдын Айымбетов.

Сол уақытта президент: "Қаттырақ, сен әскерисің ғой, командирлік дауыспен сөйле", - деді.

"Маған және еліміздің ғарыш саласына жасаған қамқорлығыңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін", - деді Айымбетов.

Байқоңырдан 2-ші қыркүйекте көкке көтерілген Айдын Айымбетовтің сапары сәтті болды. Ашық космосқа шықпаса да, бірнеше ғылыми зерттеулер жасап, Арал мен Каспийдің тартылуының себебін іздеуге тырысты.

Орбитада құрт пен ірімшіктің адам бойына қалай сіңісетінін тексерген Айымбетов жерге 10 тәуліктен соң оралған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/923311-khalyq-qaharmany-ataghyn-alghan-ayymb.html