RU

Шымкентте МС Сайлаубекті саудалайтын бизнесмендердің қатары көбейді

Бүгін аты шулы "рэп королі", ғаламтордың жұлдызына айналған МС Сайлаубек Шымкент өңірінде концерт бермек. Әлеуметтік Instagram парақшасында айқайлап тұрған кештің жарнамасынан соң, NUR.KZ тілшісі ұйымдастырушыларға хабарласып көрген еді.

Жыл жаңалығына айналып үлгерген Сайлаубектің Шымкентте өтетін концерті жайлы білгенімізде, аталмыш кеш өңірдегі "Луна бар" деп аталатын кішігірім мекеменің бастамасы екені белгілі болды. Концерт құнын 3000 теңгеден ұйғарған мекеме басшылығы  барға келушілер қатарын көбейту мақсатында МС Сайлаубекті шақырған болуы керек.

Жиыны 200 адамды ғана сыйдырта алатын бар жергілікті "рэперлерді" де шақыруды ұмытпапты. Ұйымдастырушылар көңілді кешке шоу бағдарлама дайындап, қызыққа батуға дәмеленіп отыр. Мұнымен олар мол қаржыны көздегені немесе  Сайлаубектің өнерін қолдағаны ма әлде сол арқылы келушілер жинағысы келді ме екен, ол жағы белгісіз.

Бүгінде «туындысы» көз ілеспес жылдамдықпен жарты әлемді жаулап үлгерген «хит тұлға» Сайлаубектің «Клектмана, шлэктмана», «Жөмәнәма сет» сияқты «әндеріне» тіпті Тимати сияқты Ресей жұлдыздары да елең етіп, батлға шақырып жатыр.

Журналистердің "Сіз кімсіз?" деген сұрағына "Мен бе?.. Мен – кәдімгі адаммын" деп жауап берген Сайлаубектің сөзге шорқақ екені бірден білінді.  Әндерінің не мағына беретінін рэпердің өзі түсіндіріп айта алмайды. Жастардың" хит-тұлғасы" әлі үйленбеген, қазіргі жұмысын өнер жолына түскендігімен түсіндіреді.

1975 жылы дүниеге келген Сайлаубектің мектептегі үлгерімі жақсы болған, әсіресе, музыкаға ерекше жақын болса керек. Алайда жоғары сыныпқа барғанда, төбелестен басынан қатты жарақат алады. Яғни Сайлаубектің отбасындағылар оның емделуге мұқтаж екенін айтады.

Жалпы, Сайлаубектің отбасы Атыраудағы үлгілі отбасылардың бірі. Әпкесі – мұғалім, ағасы – академик, ал інісі – дүйім жұртқа танымал шығармашылық адамы.

МС Сайлаубекке қатысты жұрт пікірі әралуан. Біреулер Осы МС Сайлаубек деген атыраулық азамат қазақты ел-жұртқа масқаралап жүргендей көрінеді деп ойласа, енді біреулер оның науқас екені шын болса, рэперді жайына қалдыруды өтінеді.

"Ең әуелі Сайлаубектің масаң күйде, бет-аузы көкала боп отырып орындаған түсініксіз бірдеңесін ұялы телефонға түсіріп, ғаламторға жариялап жібергендерді тауып, жауапқа тарту керек. Екіншіден, бүгінде оның танымалдылығын пайдаланып, бизнес жасауға ұмтылып жатқандарды да тайраңдатып қоюға болмайды",- дейді дәстүрлі әнші, белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай.

МС Сайлаубекті басқаша да бағалайтындардың ішінде Сәкен Майғазиев те бар. Әртістің пікірінше, Сайлаубек түсініксіз тілде болса да, сол жанрдың ырғағын түсініп, өзінше жақсы орындайды. Дауыс бояуы да көп адамда кездесе бермейтін ерекше. Әрине, сөздерінде еш мағына жоқ. Осы жағы өзіне таяқ боп тиіп жатыр.

"Сайлаубек танымалдылыққа жеткендігінің арқасында ес жия бастапты дейді. Ойлап қоямын, бәлкім Алла оған осындай бір жағдайды себепкер қылып, тура жолға келгенін қалаған шығар. Не болса да, Сайлаубек бауырымыз «тәй-тәй» басып келеді. Алла бізді де сынау үшін осындай біреуді ортамызға жіберуі бек мүмкін. Осы жағын да ескерейік", - дейді Майғазиев.

Басында өздері мазақ үшін шығарған МС Сайлаубекке бүгінде тыңдармандары ғана емес, эстрада жұлдыздары да еліктей бастады.

Осы уақытқа дейін рэпердің айтатын түсініксіз сөздеріне кәсіби рэперлердің өзі кавер-нұсқа жазып үлгерді. Тіпті, Италия әншісі Сон Паскаль Сайлаубекпен бірігіп ән де орындады. Оның әндеріне Шымкентте флешмоб та биленген. Жас әнші Кентал да Сайлаубектің рэп туындыларын тыңдап жүргенін баяндаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/923480-shymkentte-ms-saylaubekti-saudalayty.html