RU

Ақтөбе облысында мектеп директоры орысша білмейтін мұғалімге орыс тілінен сабақ бергізген

Ақтөбеде дипломмен ауылға барған жас маман жұмыстан қуылды. Мектеп директорының қудалауына ұшыраған ұстаз мектепке келген коммисияның ішіп-жеміне ақшаның қалай жиналатынын айтып берді.

Бұл туралы басшының қаһарына ұшырап, жұмысынан айырылған мұғалім NUR.KZ тілшісіне хабарлаған.

Жұмыссыз қалған жас маманның бағдарламамен алған баспанасының ақшасы бір айдан бері төленбепті.  Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Қарақұдық ауылындағы мектепке «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы арман қуып барған Мерует Ілиясова білім ордасы «парақорлар ортасына» айналып кеткенін айтады.

Айтуынша, мектеп директоры білім ордасын «өз кланына» айналдырған. Ай-сайын мектепті тексеруге келген комиссияға жиналатын ақшанның көптігі сол, мұғалімдер келесі айлыққа жете алмай, қарызданып қалып жатады екен.

«Мектепке комиссия келсе, директор аяғымыздан тік тұрғызады. Олардың жататын орны, тамағы бәрі мұғалімдердің мойнында. Тексеруге келген комиссия мүшелері қайтатын кезде олардың сумкаларына дейін толтырып жібереміз. Директордың тапсырмасы осылай, тәртіпке бағыну керек», - дейді бастауыш класс мұғалімі Меруерт Ілиясова.

Меруерт диплом алғаннан кейінгі жағдай мен директор қудалауын былайша  баяндап берді.

2009 жылы Ақтөбе гуманитарлық колледжін бітірген Меруерт «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Қарақұдық орта мектебіне ұстаздық етуге жолдама алады. Жас маманға тиісті қолдау барған бетте-ақ көрсетілген. 2010 жылы бағдарлама аясында 10 жылға келісімшартпен баспанаға да қол жеткізеді. Еңбек өтілі болмаса да, жаңа келген кадрға сағаты толық беріліп, жұмысын істеп жүрді. Орта мектепте 5 жылдан аса уақыт еңбек етті. Отбасылы болды, баспанасының ақшасы да уақытылы төленіп тұрды.

«Мектеп директорының қудалауы оқуға барған кездегі іссапарға төленуге тиіс қаржыны сұрағанымнан басталды. Іссапар қаржысын сұрағаным үшін сағатымды қысқартып тастады. Орысшам шала, қазақ тілінде білім алған маған орыс тілінен сабақ беру міндеттелді. Орыс тілінен сабақ берудің қиын екенін айтқанымда, директор ескерген жоқ. Қиналғаным сонша,  орыс тілі сабағының күнтізбелік жоспарын да жасай алған жоқпын. Директор сол үшін түсініктеме жазуымды сұрады. Орыс  тілінің мен үшін қиын екенін айтсам да түсінбеді. Сол кезде ашуға бой беріп, жұмыстан шығу туралы арыз жаздым. Бірақ, екі күннен кейін «арызымды қайтып алам» деп қайтара арыз жаздым. Бұл өтінішім қанағаттандырылмай қалды. Директор арызымды күтіп отырғандай 25 қыркүйекте жұмыстан шығарып жіберді. Қазір үйде отырмын. Екі балам бар, жалғызбасты анамын. Бағдарламамен алған үйімнің де ақшасын төлей алмай отырмын. Ақшамның жоқтығынан мектепке баратын баламның кітабын да алып бере алған жоқпын. Енді оны да мектепке жібермейтін шығармын», - дейді Меруерт Ілиясва.

Ал мектеп директоры дипломмен ауылға келген маман ұжымның берекетін кетіріп жүр дейді.

«Ол өзі бәлеқор адам. Жала жауып жүреді. Оны ешкім жұмыстан шығарған жоқ. Өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазды. Оның ақшасы жоқ болса, оған мен жауап бере алмаймын. Баспанасының жағдайын шешетін де мен емес. Ал комиссияға ақша жинау дегені тіпті өтірік», -  дейді Қарақұдық орта мектебінің директоры Берік Ақдәулетов.

Бастауыш класс оқытушысы Меруерт Ілиясова облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауына да жазылып қойған. Осы айдың 28-30 аралығында облыс әкімдігіне баруы тиіс. Бірақ,  қалаға баруға да қаржы таба алмай отыр.

Ауыл мұғалімі қарыздансам да Сапарбаевқа жетіп, мектептің жағдайын баяндап беремін дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/923601-aqtobe-oblysynda-mektep-direktory.html