RU

Ақтаулық бойжеткен Тасмағамбетовтен соңына түскен лауазымды әскериден қорғауды сұрады

Ақтаулық бойжеткен лауазымды әскери қызметкердің өміріне қауіп төндіргенін айтты. Майор шеніндегі басшыдан қорыққан қыз «Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым» дейді.

NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген 30 жастағы Тәттігүл Аяз есімді тұрғын Ақтаудағы 51809 әскери бөлімінің батальон командирімен былтыр мейрамханада алғаш жолыққан. Араққа тойып алған майор өзге столда құрбыларымен ас ішіп отырған бойжеткенді күштеп биге шақырған.

Мас адамнан қорыққан Тәттігүл билемейтінін айтып, қарсылық танытады. Осыған ашуланған Руслан Гайса Тәттігүлді барша қонақтың алдында масқаралап балағаттап, тіпті асына түкіріп кеткен. Бұл іс мұнымен тоқтамай, әскери шенді азамат бойжеткеннің ұялы телефоны мен әлеуметтік желідегі парақшасын тауып алып, қайта мазалаған. Тіпті ол өзінің осыған дейін масқара әрекеті үшін кешірім сұраудың орнына бойжеткенді қорқытуға көшкен.

Ақтау тумасы Тәттігүл апталдай азаматтан қорқып, барлық құзырлы органға шағымданғанын айтады.

«Әскери полицияға, 51809 әскери бөлімнің басшысына да арыз жаздым. Түк нәтиже жоқ. Қылмыс құрамы табылмады деп іс жабылып қалады. Бұл азамат (майор Руслан Гайса) одан сайын маған маза бермей, күнде мас күйінде телефон шалып, қорқытады. Өмір сүргізбеймін дейді. Амал жоқтан соңғы арызды Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағанбетовке жолдадым. Өміріме қауіп төндіргенін және қандай да бір жағдай болып қалса оған Руслан Гайса кінәлі болады деп ескерттім», - дейді ақтаулық тұрғын.

Ал лауазымды әскери болса, бойжеткеннің арызын жоққа шығарады. 51809 әскери бөлімінің батальон командирі Тәттігүлдің бірнеше шағымы бойынша, тергеу болғанын айтады.

«Тәттігүл менің үстімнен күнде жұмысқа мас болып келеді деп арыз жазыпты. Дереу сол күні әскери полиция бірнеше тексеру мен сараптама жасап, менің қанымнан алкагольдің ізін де таппады. Осыған орай, ар-намысыма тиіп, атыма кір келтіре отырып, өтірік ақпарат таратқаны үшін ол қыздың үстінен мен де арыз жазып жатырмын. Кімнің тапсырысы екенін білмеймін. Ол барлық жерден мені жұмыстан қуу керек деп сұрайды. Мен Тәттігүлді өмірде 1 рет мейрамханадағы ұжым отырысында көргенім рас. Ал оның қорқытып, маза бермейді дегені жала. Менің отбасым, 2 балам бар. Қазір осы іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Нақты шындық сол кезде белгілі болады», - дейді  51809 әскери бөлімінің батальон командирі Руслан Гайса.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/923730-aqtauda-lauazymdy-askeri-qyzmetker-b.html