RU

Бокстан әлем чемпионатында қазақ баласы Өзбекстан құрамасына қола жүлде сыйлады (фото, видео)

Кеше Катар астанасы Дохада аяқталған бокстан әлем чемпионатында қазақ баласы Елнұр Әбдірайымов Өзбекстан құрамасына қола жүлде сыйлады.

Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.

Өзбекстан құрамасының атынан сынға түскен Елнұр 1994 жылы Ташкент облысына қарасты Бостандық ауданында дүниеге келген. Сенімді дереккөздің айтуынша, Елнұрдың әкесі Нұрғали бокстан жаттықтырушы болып қызмет етеді.

Елнұр осыған дейін бірнеше халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанған. Ал Өзбекстан құрамасы сапында алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, қола жүлдемен бірге Олимпиада жолдамасын да ұтып алды.

60 келіде сынға түскен Елнұр алдымен Африка ойындарының чемпионы, алжирлік Редда Бенбазизаны, кейін Жаңа Зеландия өкілі Чад Милнесті ұтқан. Кезекті тартысты кездесуде Елнұр моңғолиялық Дорьянбуу Отгондалайды жеңді. Айта кету керек, моңғол боксшысы осы салмақтағы үздіктердің бірі, италиялық Валентино Домениконы саптан шығарған болатын.

Жартылай финалда Елнұр Дохада әлем чемпионы атағын үшінші рет иеленген кубалық Лазаро Альвестен ұтылды. Әйтсе де, жас боксшының қоржынында әлемдік сынның алғашқы медалі мен Олимпиада жолдамасы бар.

Еске сала кетейік, қазақ спортшыларының Өзбекстанға жүлде алып беруі бірінші рет емес. Осыған дейін грек-рим күресінен Елмұрат Тасмұрадов әлемдік сынның 2 рет қола жүлдесін жеңіп алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/924616-bokstan-alem-chempionatynda-qazaq-bal.html