RU

Индонезияның астанасын білмей қалған мұғалім Сапарбаевтың алдында сасқалақтағанын айтты

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Индонезия астанасы туралы сауалына жауап бере алмаған мұғалім Kerek-info.kz-ке сұхбат беріп, әкімнің алдында неліктен мүдіргенін айтып берді.

Апта кейіпкеріне айналған мұғалім Байғанин ауданы Ноғайты ауылында тұрады. Сағыз орта мектебінің мұғалімі Айгүл Ержанқызының педагогика саласына келгеніне төрт жыл болған. Жас маман бұған дейін өзіне бекітілген тәлімгермен жұмыс істепті. Биыл өз бетінше география пәнінен сабақ бере бастаған.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Әнуар Әнесовтің сөзіне қарағанда, Айгүл өз ісіне тиянақты маман. Қазір 9-10 сыныптарға сабақ беріп жүр. Мектеп басшысы соңғы бес жыл бойы мектептің география пәні бойынша көрсеткіші тәуір екенін айтады.

"Облыс әкімі мұғалімдер бөлмесіне кіргенде 4 адам отыр едік. Әріптестерімнің біреуі шығып кетті. Бейнелеу, орыс тілі пәнінің мұғалімі және мен қалдым. Облыс әкімі “cіз қай пәннен сабақ бересіз?” деп сұрады. Мен география пәнінің мұғалімі екенімді айттым. Ол кісі әлем елдерінің саны қанша екендігін сұрады. “200-ден астам мемлекет бар” деп жауап бердім. Cодан кейін орыс тілі пәнінің мұғалімінен ҰБТ қорытындысы бойынша неге мектеп көрсеткішінің нашарлығын сұрады. Ол: “тест - баланың негізгі білім көрсеткіші деп санамаймын”,-деп жауап берді. Мұғалімдер бөлмесінен шыға бере әкім кілт бұрылып, маған “Индонезияның астанасы қай қала?” деп сұрақ қойды. Тосылып қалдым. Бұрын соңды әкім көрген адам емеспін. Қобалжып тұрғанмын. Әрі сыннан сүрінбегеніме қуанып, босаңси берген сәтім болатын. Әкімнің сауалына сол жерде тұрған бір топ адам жауап бере алмады. Қате жауаптар да болды. Мен есімді жиып “Джакарта” деп дұрыс жауабын айтқым келген.Үлкен кісінің сөзін бөле алмадым. Кешкілік теледидарды қоссам, мені көрсетіп жатыр екен. Қатты қиналдым. Егер ұжымым мен отбасымның қолдауы болмағанда не боларын білмеймін", - дейді Сағыз орта мектебі география пәнінің мұғалімі Айгүл Ержанқызы.

Жас маман ауылдық жерде ата-енесімен бірге тұрады. “Күллі Қазақстанға масқара болдым” деп қиналған сәтінде үлкендер басу айтып, қолдау көрсеткен.

Ноғайты - Ақтөбеден 312 шақырым жердегі шағын ауыл. Телефон байланысы мен интернет бар. Яғни, ауыл әйелінің бейнеті бес батпан болған күннің өзінде мұғалімнің өз саласына қатысты ақпаратты ақтарып, өзін өзі жетілдіріп отыруына мүмкіндік мол. Өйткені, қазір ақпарат пен технология заманы. Оны Айгүл жақсы біледі.

"Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды. Енді теледидардан кәсіби жетістіктеріммен ғана көрінетін боламын",- дейді географ мұғалім.

Мұғалімнің жүгі қай кезде де жеңіл болған емес. Әсіресе, ауыл мұғалімдеріне артылып отырған міндет ауыр. Өйткені, мектеп - шалғай ауылдар үшін білім ғана емес, мәдениет пен өркениет ошағы.

Осылай деген Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова жас маман тарапынан жіберілген қателік үшін қатты қынжылатынын білдірді.

"Десек те, бір білместігі үшін мұғалімге бірден шара қолданғаннан, қателігін дер кезінде түзеген дұрыс. Оны семинарға шақырып, арнайы курсқа жібереміз. Кадр бөлімі арқылы бұл мұғалім қашан курстан өтті, семинарда соңғы рет қашан болды екен соны білеміз. Қатыспаған болса, әдістемелік кабинетке шақырамыз. Мұғалімнің кәсіби дамуы үшін кешенді жұмыстарды жалғастырамыз. Шара қолдану оңай. Онымен проблема шешілмейді. Үйрету керек. Жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді", - дейді Самұратова.

“Облыс әкімінің аудандарды аралау барысында білім саласында кездескен барлық қателіктерді түзетеміз,”- дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

"Менің ойымша, жас мамандардың біліксіздігіне ақылы оқу кінәлі. Кім көрінген мұғалімдікті ақшасын төлеп, оқып жатыр. Ұятқа қалмауы үшін мұғалім көп ізденуі керек. Әкімнің алдында мүдірген ештеңе емес, баланың алдында кібіртіктеген қиын", - дейді ардагер ұстаз Мәдина Шайгөзова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/924667-indoneziyanynh-astanasyn-bilmey-qalgha.html