RU

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада еліміздің орталық та, жергілікті те атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды.Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның Кореядағы Елшісі тағайындалды.

ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Қазақстанның Кореядағы Елшісі

Сонымен мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Шәкизатұлы Нұрышев Қазақстанның Кореядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды.

1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Нұрышев Бейжің лингвистикалық университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Біраз жыл еліміздің Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп, аталған ведомствоның ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болған.

ШЫҰ жұмысы жөніндегі ұлттық үйлестірушісі қызметін атқарған. Жаңа тағайындауға дейін еліміздің Қытайдағы елшісі қызметін атқарды.

Қазақстан  Жоғары сот кеңесі төрағасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен Қазақстан президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Советбекұлы Донақовқа Қазақстан  Жоғары сот кеңесі төрағасының міндетін уақытша атқару жүктелді.

Ол 1965 жылы Семей облысында туған. 1987 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін және КСРО Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының (Мәскеу қ.) аспирантурасын бітірген.

Заң ғылымдарының кандидаты. Аспирантураны бітіргеннен кейін Қазақстан Ғылым академиясының жүйесінде жұмыс істеді.

1992-1994 жылдары Қазақстан Жоғарғы кеңесінің аппаратында, 1994 жылғы сәуірден Қазақстан президентінің әкімшілігінде қызмет етті.

2000-2002 жылдары Қазақстан Әділет министрінің бірінші орынбасары. 2002 жылғы наурыздан бастап Президент әкімшілігінде жұмыс істейді.

2008 жылдың 14 ақпанында Қазақстан президентінің әкімшілігі мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі болып, 2008 жылдың қазанында Қазақстан президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалды. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Қазақстан Қарулы күштері аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Алмаз Дженишевич Джумакеев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы қызметіне тағайындалды.

Мемлекет басшысының келесі өкімімен Дәулет Рысқұлбекұлы Оспанов «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметіне тағайындалды.

Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары

Ақмола облысының әкiмi Сергей Кулагиннiң өкiмiмен және Қазақстан президентi Әкiмшiлiгiнiң келiсiмiнiң негiзiнде Владимир Николаевич Балахонцев Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары болып тағайындалды.

Владимир Балахонцев 1967 жылы туылған, екi жоғары бiлiмi бар, Урал орман техникалық институтын орман шаруашылығы инженерi мамандығы бойынша, Қазақ мемлекеттiк заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бiтiрдi.

Еңбек жолын 1991 жылғы сәуiрде Петропавл қаласының орман шаруашылығы кәсiпорнының орманды қорғау инженерi болып бастады.

Осы кәсiпорнының бас орманшысы, кейiн директоры болып еңбек еткен.

Әр жылдарда Солтүстiк Қазақстан облысы Есiл және Жамбыл аудандарының әкiмi болды. Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары болып қызмет атқарды.

2008 жылғы қараша мен 2012 жылғы мамыр аралығында Бурабай ауданының әкiмi, 2014 жылғы маусымнан бастап Солтүстiк-Қазақстан облысы «Заречное» ЖШС атқарушы директоры лауазымында еңбек еткен.

Мерекелiк медальдармен марапатталған.

Еске сала кетейiк, облыс әкiмiнiң бұрынғы орынбасары Дулат Нұрмолдин басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз қызметiнен босаған болатын. Дулат Нұрахметұлы бүгiнде Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы.

Қызылорда облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы

Қызылорда облысында Қаржы министрлігі қазынашылық комитетінің Қызылорда облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы ауысты.

Департаментке жаңа басшы болып Әуезбек Дүйсенбаев тағайындалды.

Дүйсенбаев Әуезбек Сейіткамалұлы 1962 жылы 12 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген.

1986 жылы Семей қаржы-экономикалық техникумын, 1992 жылы Қазақ Ұлттық Заң академиясын «юриспруденция» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Сырдария аудандық қаржы бөлімінде мемлекеттік кіріс экономисі болып бастаған.

2001-2003  жылдары Қызылорда облысы, Шиелі ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, 2003 жылдың наурыз айынан Қаржы министрлігі, Салық комитетінің №1 аймақаралық Оңтүстік аймақ бойынша төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2003 жылдың қазан айынан бастап Қызылорда облысы Салық комитетінің ішкі жұмыстар бойынша басқарма басшысы болды.

2004 жылдың қаңтарынан бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы Салық комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып Көшеров Нұралхан Оралбайұлы өз қызметіне кірісті.

Нұралхан Көшеров Шымкент қаласында 1984 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. 2005 жылы Әуезов атындағы Оңтүстік Қ-азақстан мемлекеттік университетін экономика мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы ҚР Парламент Мәжіліс депутатының көмекшісі болып бастаған.

2009-2011 жылдар аралығында Қазақстан Қаржы министрлігінің Салық комитеті Салықтық заңнамаларды түсіндіру және жетілдіру басқармасының сарапшысы, Астана қаласы бойынша Салық департаментінің Алматы ауданы бойынша Салық басқармасы Заңды тұлғалардың салық аудиті бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарған.

2011 жылдан 2014 жылға дейін Астана қаласы бойынша Салық департаменті Есіл ауданы бойынша Салық басқарма бастығының орынбасары болып жұмыс істеген.

Ал 2014 жылдан бүгінгі күнге дейін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы Есіл ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметін атқарған.

«Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрайымы

Салидат Қайырбекова «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрайымы болып тағайындалды.

Ол бұған дейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі қызметін атқарған еді.

Қайырбекова Салидат Зекенқызы 1961 жылғы 1 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген.

Қарағанды мемлекеттік медицина институтын, Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Қазақста Денсаулық сақтау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, Емдеу-профилактикалық жұмыс департаменті директорының орынбасары, министрліктің Аппарат басшысы қызметін атқарды.

2004-2006 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина академиясының проректоры болды. 2006-2008 жылдары  Қазақстан президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің бас сарапшысы, бас инспекторы, әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі.

2008 жылдан Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің төрайымы, Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің төрайымы, Денсаулық сақтау вице-министрі болған.

2010 жылғы 7 қазанда Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған. Медицина ғылымдарының докторы.

Жарма ауданының әкімі

Жарма ауданының әкімі болып Бесқарағай ауданын басқарған Сыдықов Нұрлан Бәтташұлы тағайындалды.

Нұрлан Сыдықов 1958 жылы ШҚО Абай ауданында туған. Білімі  жоғары, Алматы қаласының Қазақ политехникалық институтын 1980 жылы тау-кен инженері мамандығы бойынша, 2004 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Алтайзолото» кен-байыту комбинатында тау-кен инженері қызметінен бастады. Он бір жыл қызмет атқарып, Нұрлан Бәтташұлы тау-кен  шеберінен  шахта басшысына дейін өсті.

2011 жылға дейін жеке секторда түрлі қызметте болған. 2011 жылдың тамызынан «Ертіс» ӘКК ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы болды. 2013 жылдың маусымында Бесқарағай ауданының әкімі болып тағайындалды.

Айта кетерлігі, Жарма ауданының бұрынғы әкімі Әнуарбек Мұхтарханов ағымдағы жылдың қыркүйегінде ШҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/925835-qazaqstandaghy-zhanha-kadrlyq-taghayynd-15.html