RU

Генерал Мәткенов: Мен арзан нәрсе тағатындай сонша бай емеспін

Жақында үйінен швейцарлық қымбат сағаттар мен бағалы заттар ұрланды деген Қостанай облыстық ІІД басшысы Тілеген Мәткенов аталған оқиғадан соң сұхбат берді.

Бұл туралы Время газетіне сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Генерал Мәткенов басылым тілшісіне алдымен өзінің бауы былғарыдан жасалған алтын сағатын көрсеткен.

«Міне, менің сағатым. Алтын Rolex. Ұлым сыйлады. Білуімше, 10 мың доллар тұрады және ешқандай да көшірме емес», - деді Мәткенов.

Содан соң, генерал өзінің бұдан өзге де сағаттары барын айтып, мақтанған. Ол суырмасынан Apple Watch сағатын алып шықты.

«Мен мұны жүгірген кезде тағып шығамын. Айфонмен байланысты, өте ыңғайлы сағат. Мұнда пульсті анықтап, километражды көрсетіп тұратын арнайы бағдарлама бар», - деп атап өтті ол.

Генералдың сағаттары мұнымен біткен жоқ. Ол швейцарлық Fugot сағатын көрсетіп, мұны аңға шыққанда досымен алмастырып алғанын айтты. Әйтсе де, досының бұл сағаты көшірме екенін ұлы анықтап қойған.

Осыдан соң, генерал Мәткенов Қостанайдағы үйлердің бірінен ұрланып кеткен қымбат швейцар сағаттарына өзінің қатысы жоқтығын айтқан.

«Менің аталған ұрлыққа ешқандай қатысым жоқ. Аталған пәтерде мен бар болғаны 2 ай тұрдым. Жазда 6-шы ықшамаудандағы үйіме жөндеу жұмыстарын жүргізген соң, досымнан маған бос үй тауып беруін өтіндім. Олар маған қаладағы таунхаустардың бірінде тұруға болатынын айтты. Бұл үйлер өте қымбат. Ешкім сатып алмағаннан кейін бос тұр. Мен аумағы 200 шаршы метр үйге ай сайын 10 мың теңгеден төлеп, бар болғаны 2 ай тұрдым», - дейді Мәткенов.

Ұрланған сағаттардың өзіне тиесілі екенін айтып, шу көтерген журналистерге ашуланған генерал бизнесмен ұлының табысымен де мақтанып өтті.

«Ұлым жақында маған қарда жүргізетін көлік әперді», - дейді ол.

Әңгіме соңында генерал өзінің 350 мың теңге тұратын, италиялық модельдегі Caneli костюмын сатып алғанын айтқан.

"Достарым мүшел жастан шыққаным үшін осындай костюм алып берген. Кейін өзім барып, тағы да 350 мыңға костюм сатып алдым. Менде екі костюм болсыншы деп ойладым. Оның үстіне, мен сонша арзан нәрсе сатып алатындай бай емеспін", - деген Мәткенов өзінің музыка мен ат баптауға да қызығушылығы барын атап өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/926210-general-matkenov-men-arzan-narse-tagha.html