RU

Қыз алып қашу: Қазақстанда алып қашудың құрбанына айналған бойжеткендердің тағдыры қандай?

Қыз алып қашу елімізде әлі күнге дейін көрініс тауып келе жатқан дәстүр. Желіде тұрақты түрде бойжеткенді күштеп алып қашып жатқан видеолар пайда болып жатады.

Мұндай жағдайлар шағын қалалар мен ауылдарда жиі көрініс табады. Кей кездері ірі қалаларда да болып жатады. Әр оқиғаның аяқталуы әр қалай: бірі жақсы аяқталса, екінші қайғылы жағдайға ұласады. Бірақ қоғам қалыптасқан алып қашу дәстүрін жиі сынға алады.

Соңы жақсылықпен аяқталған алып қашу

Динаны Қуанышпен достары таныстырған. Ер кісі бойжеткенге көзі түскенімен, Дина әзірге қарым-қатынастарын өрбітуге асықпаған. Жасы 30-ға келіп қалған азамат отбасылы болуды көздесе, университетті енді бітірген Дина мансабын жалғастыруды армандады.

Алайда Қуаныш танысқандарына бір ай ғана өткесін Динаны кафеге шақырып, сол жерден алып қашады.

«Ол маған достарының көлігімен келді. Ол кезде өзінің көлігі жоқ болатын. "Аздап кафеде отырамыз, сосын үйіңе жеткізіп саламын" деп уәде берді. Мен кештетіп шыққым келмеді, ол маған жай көлікте отыра тұруға ұсыныс жасады. Далада желтоқсан айы болғасын суық еді. Ата-анаммен ол кезде танысып үлгерген болатын. Алайда ата-анам оны онша ұната қойған жоқ. Ол бұны білді, менің де тұрмысқа шығуға асықпайтынымды сезді. Көлікке мінгенімде біз ақыры бір жаққа жол тарттық. Жолдай ол маған өзінің үйіне алып бара жатқанын айтты», - дейді Дина.

Осылайша Дина Қуаныштың отбасына келін ретінде кіреді. Бастапқыда Дина жылап, қарсылық танытқанымен, ақыры Қуаныштың үйінде қалады. Үш айдан кейін той өтеді. Алайда Қуаныш қарапайым күзетші қызметінде болғасын, тойды несиеге жасауға тура келеді.

«Той күні мен өте бақытты болдым. Тағдырыма разымын. Қуаныштың маған деген қарым-қатынасына қарап, оның мен армандаған азамат екенін түсіндім.  Әрине бастапқыда оның әпкелерімен түсініспеушіліктер болды, бірақ мен оларға мән бермейтін болдым. Енем де керемет жан. Ал күйеуім біртіндеп ата-анаммен ортақ тіл табысуда», - дейді Дина.

Бүгінде Динаның үш баласы бар.

Бала болмайынша той да болмайды 

Арайдың басынан өткергені Динаның оқиғасымен ұқсас келеді. Ол кездері Алматыдағы балалар ауруханасының зертханасында қызмет еткен 19 жастағы Арай жігітіне тұрмысқа шығуға асықпаған.

Бір күні жігіті Арайдың жұмысына достарын ертіп келеді. Ол Арайға сөйлесу үшін сыртқа шығуын өтінеді.

Аз уақытқа жұмысынан шыққан Арай, ақыры қайтып оралмай, бірден Қаскелеңге жол тартады.

Арай бұл жағдайды есіне алғанды ұнатпайды. Күйеуіне сол күйі махаббаты оянбаған келіншек амалсыздан қалғанын айтуда. Оған сыйластықпен қараса да, ыстық сезімдер жоқтығына қынжылады.

Олар бірден некелерін қиып, 8 айлық жүктілік мерзімінде той жасаған. Жігіт Арайға бастапқыда заңды түрде үйленбей қойған. Себебі оған дейін азаматтық некедегі әйелі сол күйі бала көтере алмаған. Содан кейін ажырасып тынған азамат, жаңа әйелі бала көтермейінше, заңды некеге тұруды қаламаған.

Бүгінде күйеуі мен жақындары Арайды жылы қабылдағанымен, ол әлі күнге дейін өз үйіне оралуды аңсайды екен. Тойдан бір ай өткесін Арай көптен күткен қыз баланы дүниеге әкелді.

«Мен әженің үстінен аттап өтіп, кетіп қалдым»

Жұлдыздың оқиғасы тойға ұласа қоймады. Алайда соңы жақсылықпен аяқталды.

«Талғарда тұрамын. Бір күні құрбыларыммен қаладағы кафеде жолығуға шықтым. Сәнделіп шықтым. Кеш болғанымен қараңғы түспеген еді. Талғардан шыққан кезде бір көлікке бірнеше адам тиеліп шығатынбыз. Бірақ жұманың кеші болғандықтан қалаға баратындар болмады. Бір жас жігіт мені жеткізіп салуға ұсыныс жасады», - дейді Жұлдыз.

Жолда әңгімеге тартқан жігіт, бір құжаттарды апарып тастау қажеттігін айтады. Жұлдыз асығып тұрмағасын қарсы болмайды.

«Сол сәтте оның үйінен бір топ сәнді киінген әжелер шығып, мені көліктен шығарды. Басыма орамал тақты... Мен не болып жатқанын түсінбей қалдым. Үйіне алып кіргізді. Мен ол жігітті білмек түгілі, танысқанымызға 20 минут қана өткен еді. Айқайлап, қашуға әрекеттендім. Алайда өзге қыздар секілді жылай алмадым. Мен есеңгіреп қалдым», - деп есіне алды Жұлдыз.

Бойжеткенге тек әженің үстінен аттап қана өте аласың деген шарт қояды. Мұндай жағдайда көптеген қыздар әдетте амалсыздан көндігіп қалады.

«Мен аттап өтіп, қашып кеттім. Қайда жүргенімді білмедім. Жігіт артымнан қуып жетіп, кешірім сұрады. Ол жүріп жүрген қызы ұсыныстан бас тартқанын айтты. Жақындарының көңілін қалдырмас үшін кез келген қызды ертіп әкелуге бел буған екен. Ол тығырыққа тірелгендіктен, мен оны кешірдім. Сол сәттен бері жолға жалғыз шықпайтын болдым», - дейді бойжеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/926573-qyz-alyp-qashu-qazaqstanda-alyp-qashudy.html