RU

Ақтөбе облысында орысша білмейтін мұғалімді аудан әкімдігі қысымға алып жатыр

Орыс тілін білмегендігінен сабақ жоспарын жасай алмай, жұмыстан қуылған  ауыл мұғалімін NUR.KZ сайтына шағымданғаны үшін Алға ауданы әкімінің орынбасары шақыртқан. Тығырыққа тірелген ұстаз қысымға алынғанын айтады.

Мұғалімді әкімдіктегілер «жұмыс түгілі, үйсіз де қалуың мүмкін» деп шығарып салған.

Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Қарақұдық ауылындағы орта мектепте жағдай ушығып кетті. «Қысым көрдім» деп арызданған бір мұғалімнің шағымынан кейін барлық мектеп дүрлігіп кеткен. Аудандық әкімдіктегілер де қарап жатқан жоқ. Сайтқа жарияланған арыздан  кейін мұғалімді шұғыл әкімдікке шақыртқан.

Ақтөбе облысында мектеп директоры орысша білмейтін мұғалімге орыс тілінен сабақ бергізген

«Аудандық әкімдікке баруым керектігін айтып, қоңырау шалды. Бардым, аудан әкімінің орынбасары шақырған екен. Ішінде аудандық білім бөлімің басшысы отырды. Елді шулатып, неге бұлай жаздырттың, саған баспана сол жерге жұмысқа тұрғаның үшін берілді. Оның ақшасы бір айдан бері төленбеген. Жұмыстан кеткен соң, үйден де айырыласың деген әңгімелер айтты», -  дейді Меруерт Ілиясова.

Меруертке әкімдіктегілер мектепте комиссия келгенде жиналатын ақша туралы айтқаның артық деген. Бұл жағдайдан кейін мектеп түгілі ауданның абыройы түсті деп сөккен. Ал іссапарға төленбей қалған ақшасын сұрағанда, дағдарысқа байланысты болып жатқан әкімдіктегі қиындықтармен түсіндірген.

«Әкімнің орынбасары мен білім бөлімінің басшысы маған екі жол ұсынды. Біріншісі, сайт арқылы барлық ұжымнан кешірім сұрайсың. Сосын директормен кездесіп, жұмысқа алдыртамыз. Болмаса, ертең ауылға аудан әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің басшысы барып, мектепте жиналыс ұйымдастырады. Сенің мәселеңе қатысты ұжымды тыңдаймыз деп отыр. Мен түсінбеймін, менің жұмыстан шығуыма мектеп ұжымының қандай қатысы бар? Менің жұмыстан шығуыма, орыс тілін білмегендіктен жоспарды уақытында толтыра алмауым себеп. Оған ұжымның қандай қатысы бар? Ауылда күнкөрісі жалғыз мектеп болып отырған мамандар жұмыс беріп отырған бастығын не деп жамандасын. Мен мұны маған көрсетіліп жатқан қысымның бірі деп ойлаймын. Сондықтан бұл жайға облыс әкімінің араласуын сұраймын. Мен біреудің жұмыстан кеткенін емес, парақорлардың ордасына айналған білім ошақтарына тәртіп орнатып берсе деймін», -  деген бастауыш класс мұғалімі Сапарбаевқа үміт артып отыр.

«Бүгін Қарақұдық орта мектебіне барып, жиналыс өткіземіз. Сол кезде барлығы анықталатын болады. Жиналыс сағат 13:00 де болады. Барлық ұжыммен кездесіп, екі жақтың пікірі тыңдалатын болады», -  дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы қаладан ауылға барып, 5 жылдан бері еңбек етіп жатқан жас маман тағдырын мектеп жиналысы шешпек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/927213-aqtobe-oblysynda-oryssha-bilmeytin-mu.html