RU

Қоғам белсенділері Алматыны Ресейдің қаласы деп көрсеткен фильмді көрсетпеуді талап етті

Ресейде түсірген «Голос большой страны» деп аталатын кино қазақ көрермендерін шошытты деп хабарлайды КТК арнасы.

Кілең таланттар жайлы баяндалған туындыда ресейлік режиссерлер Алматыны өз отандарының бір бөлшегі деп атап, ал қазақтың қалған даласын өз территориясына кіргізіп жіберген.

Төрткүл елге тарап кеткен трейлер жұрттың жағасын ұстатса да, селк еткен билік жоқ. Тіпті, үлкен экранға шығып жатқан дүниелерден Мәдениет министрлігі хабарсыз.

Жұрттың жағасын ұстатқан жарнама осы. Жаңа түсірілген киноның мақтауын келтірген ресейлік режиссерлер Армения астанасы – Ереванды да, өз алдына бөлек Белорусь астанасы – Минскіні де, тіпті Грузияның Тбилисиіне дейін өз жері деп көрсеткен. Қиялдан карта құраған киногерлер, Алматыны да өз қаламыз деп әндетіп тұр.

"Киноның жарнамасын көргенде төбемнен тас түскендей болды. Алматыны отанымыздың бір бөлшегі деп оттап тұр. Ал астанамыз – Мәскеу дейді. Мұны қалай түсінуге болады? Мәдениет министрлігі қайда қарап отыр? Ол киноның Қазақстанда көрсетілуіне қарсымын. Прокатты тоқтату қажет", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Олжас Бибанов.

Ол аздай, киногерлер Шымкент, Жамбыл облысын да сары жолақпен сызып алып, біздің жер дейді. Саясаттанушылар да мұндай сандыраққа жауаптың барынша қатқыл болғаны дұрыс деп отыр.

"Сыртқы істер министрлігі бұл ретте қаталдық танытқаны дұрыс. Дипломатиялық нота жолдап, қалайда кино түсірушілерді жауапқа тартқызу қажет. Прокатқа шығарушылар да үлкен қателік жіберіп қойған. Егер бұл мәселеге атүсті қарайтын болсақ, онда өз тәуелсіздігімізді сыйламағандығымыз. Азаматтығымызға сын", - дейді саясаттанушы Досым Сәтбаев.

Тек Алматыны бөтен жердің бір бөлшегі деп көрсеткен киногерлерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр. Тіпті, мүйізі қарағайдай Мәдениет министрлігі де «прокатқа» түк қатысымыз жоқ деп жайбарақат отыр.

"Негізі кинопрокатты бақылау жатпайды бізге. Осындай сұрақ болған осы трейлерге байланысты. Оларды біз бақылай алмаймыз, біз қалай бақылаймыз?", - дейді Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметкері Салтанат Бақтығалиқызы.

Төрт бірдей тәуелсіз елдің алып шаһарларын өз жері деп атап көрсеткен Ресей киносы 7-ші қаңтардан бастап күллі ТМД-да көрсетілмек. Комедия жанрындағы фильм біздің елге де келіп қойған.

Күні түні тынбастан кинотеатрларда «наша любимая родина» деп жарнамасы жүріп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/927879-qogham-belsendileri-almatyny-reseydi.html