RU

Танымал спорт журналисі бокстан бас бапкердің ақшасын санағандарға шүйлікті

Катар астанасы Дохада аяқталған бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алтынсыз қалды. Осыдан соң, ғаламтор қолданушылары ұлттық құрама бас бапкері Мырзағали Айтжановты қаралай бастады.

Жанкүйерлердің көбісі ұлттық құраманың сәтсіздікке ұшырауына бас бапкерді кінәлаған. Ал танымал спорт журналисі Төлеубек Қадырмоллаев Facebook-тегі парақшасында танымал бапкерге араша түсті.

Қазір ерінбегеннің бәрі ФБ беттерінде бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановты сынауға көшті. Тіпті кейбіреулер Мырзаның Юрий Кроснажаннан да (футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері) көп ақша алатынын айтып көсілген. Басқа сынайтын нәрсе таппағандай Мырзаның қалтасына түсіп жатқан тиынды санап не басына күн туды екен?! Мен білетін Мырзағалидың айлық жалақысы миллион теңгеге де жетпейді. Миллион дегеніміз, қазіргі бағаммен төрт мың доллар да болмайды. Ал, біздегі футболшылар алаң жиегін күзетіп отырып-ақ, төрт мың доллардан көп табады. Осыдан кейін Красножанның жалақысы қанша екенін шамалай беруге болады", - дейді журналист.

Содан соң, ол Айтжановты орнынан алу керек дегендерге қатысты өз пікірін айтты.

"Айлық мәселесі өз алдына. Мырзағали Айтжановты Қазақстан құрамасының бас бапкерлігінен қуу керек деп аттандап жүрген азғана топқа айтарым, Қазақ бокс құрамасының тізгінін ұстаған бес жылдың ішінде Олимпиада, әлем, Азия және Азия ойындарынан 53 медаль жеңіп алған бапкерді көрсетіңіздерші. Бұған дейін боксшыларымызға бас болған марқұм Әбдісалан Нұрмаханов, Бекзаттай арда ұлдың Олимпиадаға баруына тікелей себепкер болған Тұрсынғали Еділов, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибрайымов, Болат Ниязымбетовтей Олимпиада жүлдегерін дайындаған Дамир Буданбеков сынды бапкер ағаларымыздың өзі мұндай нәтижеге қол жеткізе алмады. Бұл ағаларымыздың еңбегін жоққа шығара алмаймын. Бәрі де білікті бапкер, мықты тәлімгер болды. Бірақ, ешбірінің нәтижесі Мырзанікіндей болған жоқ. Мырзағали ұлттық құрама тізгінін 2009 жылғы әлем чемпионатынан кейін қабылдап алды. Содан бері біздің боксшылар 3 әлем чемпионаты (2011, 2013, 2015), 1 Олимпиада (2012), 2 Азия ойындары (2010, 2014) және 3 Азия чемпионатына қатысып, барлығы 53 медаль жеңіп алған екен. Оның 27-сі алтын, 15 күміс, 11 қола медаль. Қарап отырсақ, медальдің жартысынан көбі алтын медаль. Осыдан кейін қалайша Мырзағали Құланұлына кет деп айтамыз. Кетіру үшін алдымен бапкер ретіндегі нәтижелерін сараптап, ой елегінен өткізіп алу қажет. 5 жылдың ішінде 27 алтын алу – бұл үлкен жетістік. Шетінен легионерлерге арқа сүйейтін ауыр атлеттердің өзі бес жылда мұндай жетістікке жете алған жоқ", - деп жазады спорт журналисі.

Қазақстан боксшыларының 2010 жылдан бергі жетістіктері:

Олимпиада ойындары: 1 алтын, 1 күміс, 1 қола = 3 медаль;

Әлем чемпионаты: 4 алтын, 6 күміс, 4 қола = 14 медаль;

Азия ойындары: 8 алтын, 4 күміс, 4 қола = 16 медаль;

Азия чемпионаты: 14 алтын, 4 күміс, 2 қола = 20 медаль.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/928069-tanymal-sport-zhurnalisi-bokstan-bas-b.html