RU

Ақтөбе облысындағы ауылдар қытайлықтардың қоқыс алаңына айналған (фото)

Ақтөбеде әкімге ашық хат жазып, халықтың жанайқайын айтатындар көбейді. «Қытайлар қазақ ауылын құртып жатыр» деп шырылдаған халық әкімнен араша сұрайды.

Облыс әкіміне желкесінде «шұғыл!» деген айдары бар хат түсті. Ашық хатта Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қасқырсай ауылының бір топ тұрғыны адам қолымен жасалып жатқан ақырзаман туралы айтқан.

Хатта: «Ауыл радиоактивті сынақ алаңы болып тұр. Өңірдің сай саласы түгілі, өзен-көліне дейін қытай азаматтарының қоқыс алаңына айналды» делінген.

Ауыл тұрғындары денсаулықтарының нашарлап кеткенін айтып, облыс әкімінен араша сұрайды. Мұнай компаниялары шайынды қалдықтарды ашық далаға төгіп жатыр деген халық жергілікті журналистерден көмек сұрап, дабыл қағу үстінде.

Хатта жергілікті құқық қорғау орындары сорақылықтарға көз жұмып қарап отыр делінген.

«Қоршаған ортаны қорғауға тиіс басшылар мен прокурорлар қайда қарап отыр? Олар білсе де көз жұмып отыр. Кеше ғана аудан әкімі: «Экологиямыз қадағалануда, бізде бәрі жақсы, мұның бәрі бәсекелестіктің арқасында» деп шылғи өтіріктен құралған есеп берді», -  деген халық аудан әкімінің екіжүзділігінен шаршағандарын айтқан.

Құрметті Бердібек Машбекұлы!

Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы экологиясы соңғы жылдары өңір халқының бас ауыртар азабына айналды. Семей атом империясының радиоактивті мұрасы осында ауысып, аудан бейне бір сынақ алаңына, ал малы мен халқы тәжірибе нысанына айналғандай.

Өңірдің сай - саласы, өзен, көлі жаппай қытайлықтардың зиянды септиктерін, тамақ, әжетхана жуындыларын төгетін ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай келмейтін ірілі-ұсақты үйінділерге айналды. Осының барлығы: тек экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған, кәсіпкерлікті қолдауға арналған» - деген желеумен жүргізілуде.

Шыдамның да шегі бар, жуырда ғана ашынған халық малы аралас өрістеп жүрген көршілес Айрық пен Ноғайты ауылдары іргесінен заңдастырыла жаздаған тағы бір полигон құрылысына қарсылық білдіріп, оған тосқауыл қойған болатын. Бірақ, қуаныштары ұзаққа бармады. Полигон құрылысын заңдастыра алмаған мұнай қалдықтарын жинаушы компаниялар енді шайынды қалдықтарды ашық далаға төгуге кірісіпті. Дәлел ретінде келтірілген мына суреттегі мұнай қалдықтарын қараңыз.

Бүгінде Байғанин ауданы Қопа ауылына қарайтын «Қасқырсай» елді мекеніндегі ластанған жерлер.«Ынталы топ» өкілдері ауыл азаматтарымен бірге бұл сорақылықты 4 қазан күні барып суретке, бейне таспаға түсіріп алды. Әрбір төгіндіден құзырлы мекеме өкілдері зертханалық нысан алды. Нәтижесі әзірге белгісіз.

Бұл заң бұзушылықтар қытайлық «Сағыз Петролиум» мұнай өндіруші компаниясы мен жергілікті өндірістік қалдықтарды тасымалдаушы компаниялар жасап отыр.

Сапарбаевтан араша сұраған Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғындары әкімнен заңсыздыққа жол бергендерді жазалауды талап етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/928150-aqtobe-oblysyndaghy-auyldar-qytaylyq.html