RU

Біздің заманымыздың көпбалалы қаһармандары кімдер?

Бала асырап алу - үлкен жауапкершілік. Соған қарамастан, елімізде жетім балалардың санын азайтып, өзгенің баласын өзінікіндей бауырына басқан отбасылар өз бақытының құпияларымен бөлісті.

NUR.KZ тілшісі екі көпбалалы отбасына қонаққа барып, олардың тұрмыс жағдайын біліп қайтты.

Мария мен Андрейдің оқиғасы

«Бізде бүгін 16 бала бар. Олардың жасы 2-ден 18-ге дейін барады. Екеуі туған балаларымыз. Қалғандарын асырап алдық. Біз Қапшағайға көшіп барғанда мен жетімдер үйіне көмекке бардым. Сол жерде 8-9 жастағы жетім қыз бала етегіме жармасып, көмек сұрап жылаған еді. Оны жетімдер үйінен балалар үйіне ауыстырмақ болған. Оның әпкесі де бар екен. Екеуін де асырап алдық», - дейді Мария.

Жеті жыл бұрын алғашқы балаларын асырап алған Мария мен Андрей Угничевтер өз қамқорлығына тағы 15 баланы алды. Барлығы - 19 бала. Алайда 3 баланы туған анасы алып кеткен.

«Екеуі балалар үйінен келді. Төртеуін әкесі (күйеуі Андрей) алып келді, қараусыз тастап кеткен төртеуін полиция әкелді. Осылайша жиналып қалды. Үш бала бір отбасынан болды. Олар бізде бір жарым, екі жылдай тұрды. Кейін баласын тастап кеткен ата-аналарды құқықтарынан айыру туралы заң шыққаннан кейін анасы оларды алып кетті», - деп есіне алды Мария.

Отбасына бәрін аяқтан тұрғызу оңай емес. Себебі тек күйеуі ғана жиһаз жинақтайтын шебер ретінде жұмыс істейді. Мария кезінде азық-түлік дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген, алайда балаларды асырап алғаннан кейін жұмысын тастауға тура келген.

Дегенмен олар өміріне еш шағымданып отырған жоқ.

«Маған он алты баланы өсіру екі баланы өсіруден ауыр болып көрінген емес. Егер екі балаға тамақ табылса, үшінші, төртіншіге де табылады», - дейді көпбалалы ана.

Мейірбан адамдар азық-түлік пен киім-кешек жағынан көмектесіп тұрады. Мемлекеттен алатын кішігірім қаржылай көмек те өз септігін тигізуде. Ата-ана әр баласын пәтер алу үшін кезекке тұрғызып қойған. Барлық балалар білім алуда.

Отбасы пәтер жалдап тұруда. Әзірге өз үйлері жоқ болса да, үй салуды армандап жүрген жер учаскелері бар. Мария тағы да бала асырап алғанға батпай отырғанын айтты. Себебі тағы асырап алса үйі отбасына емес, балалар үйіне айналып кетуі мүмкін деп санайды. Дегенмен, тағы бала асырау ойынан толықтай бас тартып отырған жоқ.

«Бөтеннің баласы деген болмайды. Барлығы біздікі. Төрт бала ашығып жатқанын білгенде қалай асырап алмайсың? Біреуінде ауыр 4 дәрежедегі анемия», - дейді ана.

Барлық балалар Марияны анасы атап кеткен. Олардың кейбіреулері туған анасымен кей кездері көрісіп тұрады.

Жанардың оқиғасы

Астаналық Жанар Байжулдинова тоғыз бала тәрбиелеп отыр. Олардың екеуі - туған балалары. Жанардың кішкентай баласы денсаулығы нашар болып дүниеге келгеннен кейін тағы бала асырап аулға бел буады.

Жанар балалар үйінен жеткіншектерді асырап алуға да тайынбаған.

Бүгінде Жанар үйіне балалардан бөлек, екі егіз баласы бар үйі жоқ әйелді де тұрғызған.

«Мен балалар үйіне шаруаммен келген едім. Сол кезде директордың кабинетінен үйі жоқ әйелдің егіз балаларынан бас тартып, арыз жазып жатқанын көріп қалдым. Оны күйеуі бес жыл бұрын тастап кетіп, әйел жалғыз өзі екі баласын асырап келен. Ал ата-аналары еш қолдау көрсетпей қойған. Күнде жұмысқа балаларын ертіп барғаны үшін бастығы да ескертулер жасай бастаған екен. Мен оның көзінен балаларына деген шексіз махаббатын көрдім. Тығырыққа тірелген әйелдің тіпті мұңын шағып, жылайтын адамы да жоқ», - деп есіне алды Жанар.

Осылайша егіз баласы бар әйел Жанардың жылы отбасына мүше атанады. Ол кезде жұмысын балалары үшін тастауға мәжбүр болған Жанар үйі жоқ әйелді паналатудан еш қорықпаған.

Өзгенің қайғысына бей-жай қарап тұра алмайтын көпбалалы ана өзге отбасыларға бала асырап алуға қол ұшын созып, бір ай ішінде тағы 9 жетім бала өз үйін тапты.

«Бала асырап алған аналардың клубын құрып, әркім өз кеңестерімен, тәжірибесімен бөлісіп отырса нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Жанар.

Жанар біртіндеп қиындықтарды еңсеріп жатқанын жасырмады.

«Алты жасар Захарды асырап алғанда оның көзі қыли болған. Мен оны дәрігерге көрсетуге асықпай, күте тұруға бел будым. Психологиялық тұрғыдағы өзгерістер болса, өз орнына келеді деп үміттендім. Көп ұзамай, үмітім ақталып, қызымның қылилығы өз-өзінен қайтып кетті», - деп қуанышымен бөлісті ана.

Ал Света деген қызының бастапқыда мінезі қиындау болған. Оны ешқандай ескертулер мен жазалар ойландырмайтын. Бір күні үлкен асыранды қызы Аделина Жанарға Светаны өз қойнына алып жатуға кеңес береді. Қызының кеңесін тыңдап, Светаны бір апта қойнына алғаннан кейін анасы оның мінезі жақсы жаққа өзгеріп сала бергеніне аң-таң болған.

«Балаға махаббат керек. Ол өз ішіндегі күйзелісті жеткізе алмайды», - дейді Жанар.

«Асырап алғаннан кейін бір айдай баламен сен де бала болып ойнап, оған көп көңіл бөлуің қажет. Ол үйренісіп, сіңіскенше шыдамдылық таныту керек. Бұрын 15 минут сайын менен әжетханаға сұранып жүгіріп келіп тұратын. Кейін олар осылайша өздеріне көңіл аудартқысы келгенін түсіндім», - дейді көпбалалы ана.

Жанар балаларының көп адамдардың арасында қатты дауыстап «мама» деп шақырғанды ұнататынын байқаған. Осылайша олар енді анасы бар екеніне қуаныштарын сыртқа шығарады екен.

«Мен балаларымның бәрін жақсы көремін. Егер жағдайым көтерсе, тағы жиырмасын асырап алар едім. Мен олардың бәрін жақсылап күте алар едім», - дейді Жанар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/928180-16-balanynh-ozi-azdyq-bizdinh-zamanymyzdy.html