RU

Қайрат Нұртас "Асыл арна" телеарнасына күйе жақпауға шақырды

Отандық әнші Қайрат Нұртас Instagram парақшасында өз тыңдармандарын "Асыл арна" телеарнасын қолдауға шақырды деп хабарлайды NUR.KZ.

Әлеуметтік желілерде "Асыл арна" телеарнасы жайлы шығып жүрген әртүрлі жазбаларға жас әнші Қайрат Нұртас көзқарасын білдіріп, аккаунтында ел азаматы ретінде жеке пікірін айтқан.

"Әлбетте, "Асыл арнаның" тұрақты көрерменімін десем, артықтау болар. Бірақ жаңа айтқанымдай, қолым қалт еткенде осы арнаны интернеттен - қолымдағы ұялы телефон арқылы онлайн қарауға тырысамын", - дейді әнші.

Қайрат концерттерден, түрлі салтанат кештерінен кейін де үйге немесе қонақ үйге келгенде, тіпті әуежайдағы күту залдарында осы "Асыл арнаны" қосқысы кеп тұратынын баяндайды.

"Себебі менің шаршауымды комедиялық кино емес, осы арнадан күнделікті берілетін Құран тыңдау басады. Және Құранды құр тыңдап қана қоймайсыз ғой, қазақша мағынасын да естіп, өзіңе пайдалы көп мәлімет аласың", - дейді Қайрат жазбасында.

Қайрат қажылықтан тікелей эфирлердің де бір-екеуін көріп, қажылыққа сапарлатқан өнердегі достарынан кейін өзі де Меккеге баруға қызыққан.

Әнші "Асыл арнадан " ұлтқа зиян, дәстүрге қарсы сөздерді ешқашан естімегенін алға тартады.

"Тек үлкенді сыйла, ата-анаңды құрметте, көршіңмен сыйлас, жақыныңа қамқор бол деген сыңайдағы бүгінде жастарға аса қажет насихатты жиі естимін", - дейді Қайрат Нұртас.

Жас әнші сөз соңында мұндай арнаның елге керектігін айта келіп, ата дінімізді ардақтап, дәстүрімізді дәріптеп жүрген "Асыл арнаның" әркез қалың қазақтың қолдауында болуы керектігін жазады.

"Менің бұл ойымды өнердегі, өмірдегі достарым да, сүйікті тыңдармандарым да қолдайды деген сенімдемін. Құрметпен Қайрат Нұртас", - деп аяқтаған сөзін танымал әнші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/928442-qayrat-nurtas-asyl-arna-telearnasyna.html