RU

Ақтөбе облысы әкімінің атышулы орынбасары басшылардың тексеруінен еш саспайтынын айтты

Қазақ саясаткерлерінің элитасы саналатын Нұрлан Ерімбетов мәлімдемесі Сапарбаевтың орынбасары үшін «жөнсіз сұрақ» болып қалды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Нұрқатова ханым «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік қызметте жіберген заңсыз әрекеттерім болса, алдымен дәлелдеп берсін деп отыр.

Ұлы мен келінінің басшылық қызметке адал еңбегімен жеткенін айтқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованы  журналистер сұрақтың астына алды.

"Мүмкін, бұл шу біреудің тапсырысы деп ойламайсыз ба?", - деген сауалына Нұрқатова мұны жауапсыз қалдырғысы келетінін, осындай жағдайға тап болып отырғанын жеткізді.

Ал «Нұр Отан» партиясы сізді ұнатпайтын шығар?», - деген сауалға орынбасар ханым былай деп жауап берді:

«Ұнатпай қалуы? Жоқ, партияның ұнатпай қалуы мүмкін емес", - дейді Нұрқатова.

Сонымен бірге "Мәлімдеме ар-намысыма тиді деп соттасасыз ба?", - деген кезекті сауалға облыс әкімінің орынбасары соттасу мүлде ойына келмегенін жеткізді.

Ал «Бұл жағдайға облыс әкімі пікірін білдірді ме?», - деген  сұраққа:

«Әкім біледі, «бәрі заң аясында қаралады» деді, қолдау білдіретінін айтты. Сол үшін ризамын", - дейді ол.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатоваға қатысты дау әлі басылған жоқ.

Орынбасарда саясаткер айтқандай өз еркімен жұмыстан кетем деген ой байқалмайды.

«Қалай болғанда да сұрақ қойылды. Оның үстіне өте маңызды кеңесте айтылды. Сондықтан осы оқиғаға қатысты әлі талқылаулар жүріп жатыр. Егер қызметке орналасуда қателіктер орын алған болса, олар қосымша хабарланады деп ойлаймын. Бұл сұрақты қарау барысында жемқорлыққа, мемлекеттік қызметке қатысты тағайындаудан олқылықтар анықталса, мен бұл орынды босатамын. Тағы айтқым келеді, олар менің тікелей қарамағымда жасамайды», - деген орынбасар осылай ақталып жатыр.

Сара Нұрқатова облыстағы әлеуметтік салаға жетекшілік етеді. Білім басқармасы да, жастар саясаты бөлімі де әлеуметтік салаға жататынан ескерсек, орынбасардың ақталуы орынсыз секілді.

Сенімділік жоқ емес, орынбасар ханым тексеріске сақадай сай отыр.

«Мен агенттікке хабарласып, кеңес алдым. Барлығы заң аясында», - дейді ол.

Айтуынша, білікті заңгер және облыстағы сыбайлас жемқорлар мен мемлекеттік қызметкерлерді тексеретін агенттік өкілдерінен кеңес алып үлгерген.

«Мен қызметіне лайықты, білімді балаларыммен мақтанамын»,- деген Нұрқатова шенеунік қана емес, баласының жетістігі үшін қуана білетін ана екендігін айтады.

Еңбек өтілін музыка пәнінің мұғалімдігінен бастап, мәдениет басқармасының бөлім бастығы, басқарма басшысының орынбасары, мәдениет басқармасының басшысы, 2008 жылдан бастап, 7 жыл бойы облыс әкімінің әлеуметтік саланы басқаратын орынбасары болып, қызмет еткен Нұрқатова ештеңеден сасар емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/929103-sayasatker-nurlan-erimbetov-malimdem.html